Шымкент мектептерінде ас мәзірі бірыңғай талаптарға сай емес, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі 24.kz-ке сілтеме жасап.
Еңбекші ауданы прокурорларының айтуынша, қаладағы барлық білім ұясында сүт өнімдері мен қуырылған балық екі аптада бір рет дайындалған. Ал заңнама бойынша 1-ші және 4-сынып оқушыларына мұндай құнарлы тағамдар апта сайын берілуге тиіс.
Осыған қатысты білім басқармасының лауазымды тұлғасы айыппұл арқалап, тағы 3 қызметкер тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар, қадағалаушы орган атынан кемшіліктерді дереу түзету туралы ескерту жасалды. Жалпы Шымкенттегі мемлекеттік мектептерде білім алатын 80 мыңнан астам оқушы бюджет есебінен ыстық тамақпен қамтылған.
"Оқушыларды тегін тамақпен қамтамасыз ету жағдайына саралау жүргіздік. Сол саралау барысында біраз бұзушылықтар анықталды. Оның өзінде заңда көзделген тәртіптері бар. Сол тәртіптерге сәйкестендіріліп отыруы керек. Алайда ұсыныс тиісті түрде қаралмады және бұзушылықтар дер кезінде жойылмады. Осыған байланысты біз ескерту хатымызды жолдап, сол ұсынысты дұрыс қарамаған кінәлі лауазым иесін әкімшілік жауапкершілікке тарттық", - деді Еңбекші ауданының прокуроры Серік Әбдиев.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!