Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков айына қанша жалақы алатыны туралы сұраққа жауап бере алмады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Орталық коммуникация қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Ғабит Сыздықбековке "Шымкент қаласы әкімінің айлығы шаһардағы ең төменгі жалақы алатындардан қанша есе көп? Себебі, Шымкентте жалақы көлемі басқа аймақтармен салыстырғанда төмен" деген сұрақ қойылды.
"Қазір жалақымның қанша есе көп екенін бірден айта алмаймын. Шатаспас үшін оны санап айтау керек шығар. Бірақ менде осы қызметімді ең төменгі жалақыдан бастағамын. Қателеспесем, еңбек жолымды 18 мың теңгеден бастадым.
Шымкентте орташа жалақы – 270 355 теңге. Бұл сұраққа біз қосымша жауап берейік. Бірақ қаладағы ең төменгі жалақы – 70 мың теңге. Біз бюджет есебінен қаржыландырылатын мекемелерде еңбек етіп жүрген жұмысшылардың айлығын кезең-кезеңімен көтереміз. Бұл бағытта жұмыс істеліп жатыр. Қазір бұл мекемелерде ең төменгі жалақы 100 мың теңгеден басталады", - деді Ғабит Сыздықбеков.
Айта кетейік, бұған дейін Ғабит Сыздықбеков биыл Шымкентте бұралқы иттермен күреске 100 миллион теңге бөлінгенін айтқан болатын.
Еске салайық, Ғабит Сыздықбеков биыл 5 қыркүйекте Шымкент қаласының әкімі болып тағайындалған еді.
Аяз Есен
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!