Бүгін Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков қоғамдық көлік паркінде болып, күні ертең №146 және №150 маршруттарға шығатын 30 жаңа автобусты қарап шықты. Қарағандыдағы "Qaz Tehna" ЖШС зауытында өндірілген "Yutong" маркалы заманауи автобустар халықаралық стандарттарға сәйкес келеді және әрқайсысы 85 жолаушыға арналған.
Айта кетейік, жолаушылар тасымалын Шымкент нарығында жұмыс істей бастаған "Bozjorga Bus" ЖШС жаңа көлік компаниясы жүзеге асырады. Жаңа операторлардың пайда болуы бәсекелестікті күшейтеді және қызмет көрсету сапасын арттырады. Бұл қала тұрғындарының жайлылығы мен қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді.
Қала әкімі көліктердің техникалық жағдайын бағалай отырып, тиісті басқармаға автобустарда Абай Құнанбаевтың қара сөздері мен күйлердің дыбысталуын, сондай-ақ аялдамалар мен жол ақысын төлеу туралы хабарлауды қамтамасыз етуді тапсырды. Бұл жолаушылар үшін жайлы әрі мәдени-тәрбиелік орта қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Қоғамдық көлік жүйесін дамыту әкімдік жұмысының басты басымдығы болып қала береді. Мегаполис басшысы қолжетімділікке, жайлылыққа, қауіпсіздікке және қызмет көрсетудің жоғары стандартына бағдарланған тиімді жүйені қалыптастырудағы кешенді шаралар алдағы уақытта да жалғасатынын атап өтті.
Шымкент ІСБ ұсынған материал