Шымкент: халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған жаңа қадамдар туралы айтылды

Шымкент: халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған жаңа қадамдар туралы айтылды
Фото: Шымкент ІСБ баспасөз қызметі

Шымкентте халықтың тұрмыс сапасын арттыру, мәдени-рухани құндылықтарды дәріптеу және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұл туралы қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек толығырақ айтып өтті.

Мәдениет

26–27 қыркүйекте Шымкентте ұлттық руханиятты ұлықтайтын "Асыл мұра" республикалық дәстүрлі өнер фестивалі өтіп жатыр. "Қызғалдақ" сарайында ұйымдастырылған өнер мерекесінде Қазақстанның халық әртістері мен белгілі мәдениет қайраткерлері қатысқан кеш өтті. 

Әлеуметтік қолдау

Әлеуметтік қолдау саласында қарттарды қорғау басты назарда. 1 қазан – Қарттар күніне орай зейнеткерлерге бір реттік әлеуметтік көмек көрсетіледі. Сонымен қатар, жалғызілікті қарияларға ай сайынғы төлем қарастырылған.

"Шымкентте 99 мыңнан астам зейнеткер бар, олардың денсаулығын жақсарту үшін жыл сайын 7 мыңнан астам адамға санаторлық емделуге жолдама беріледі".

Сондай-ақ, Еңбек күніне орай "Арбат" демалыс аймағында өңіраралық бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті. Онда 100-ден астам жұмыс беруші тұрғындарға қызмет ұсынды, ал үздік еңбек озаттары арнайы марапатталды.

Қауіпсіздік

Қоғамдық қауіпсіздік те назардан тыс қалған жоқ. Өткен аптада 175 қылмыстық іс тіркелді, олардың басым бөлігі интернет-алаяқтық пен ұрлық деректеріне қатысты.

"Қала тұрғындарына өз банк карталарын бөгде адамдарға бермеу, тауарды тек ресми дүкендерден сатып алу туралы ақпарат беріліп, ескерту жасалды".

Сондай-ақ, жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында жүргізушілерге тәртіп сақтау, ал ата-аналарға кәмелет жасына толмаған балаларға скутер мен самокат жүргізуге жол бермеу қажеттігі айтылды.

Қоғамдық тыныштықты сақтау үшін түнгі мезгілде пиротехникалық бұйымдарды қолдануға бақылау күшейтілді. Жыл басынан бері заңсыз фейерверк атқандарға 9,6 млн теңгеден астам айыппұл салынды.

Инфрақұрылым

Қала инфрақұрылымын дамыту бағытында да маңызды қадам жасалды. Еңбекші ауданындағы Қойкелді Батыр – Ақназархан көшелеріндегі теміржол өткелі күрделі жөндеуден кейін қайта ашылды. 

Сонымен қатар, Тұран ауданы Арғымақ шағынауданының әлеуметтік нысандармен қамтылу мәселесі бойынша тұрғындармен арнайы кездесу өткізіліді. Шағынаудан тұрғындарына көршілес орналасқан Құлагер және Ақжар шағынаудандарындағы мектептер мен балабақшалар қызмет көрсетуде. Медициналық көмек те жақын маңдағы амбулатория арқылы қамтамасыз етілген. Ал инфрақұрылымдық жүйелердің басым бөлігі іске қосылған.

Қоғамдық көлік саласында да оң өзгерістер бар. Жақында №150 және №146 бағыттарына 30 жаңа заманауи автобус жолға шықты. 

 Шымкент ІСБ ұсынған материал

Massaget.kz
Logotype Massaget