Шымбұлақта жасөспірімдер құтқарылды

Шымбұлақта жасөспірімдер құтқарылды
Фото: ТЖМ

Шымбұлақ маңында тауға шыққан үш жасөспірім өз бетімен түсе алмай қалған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Жасөспірімдер жардың жиегінде қалып қойған, ол жерде соқпақ үзіліп, төмен түсе алмаған. Олар геолокациясын жіберіп, құтқарушылармен үнемі байланыста болған.

"ТЖМ Республикалық жедел-құтқару жасағының жедел тобы бірден "Медеу" бекетінен көмекке шықты. Шымбұлақ маңына жеткен соң, құтқарушылар берілген координаталарға қарай жаяу бет алды. Айналада қауіпсіз жол болмай әрі тік жартастар көп болғандықтан, альпинистік құрал-жабдықтарды қолдануға тура келді", – делінген ТЖМ хабарламасында.

Жар жиегінде құтқарушылар 18 жастағы екі жігітті және 17 жастағы қызды тапты. Жасөспірімдер альпинистік арқанның көмегімен төмен түсірілді.

Жастарға медициналық көмек қажет болмаған.

Үшеуі таудан түсірілгеннен кейін құтқару бекетіне жеткізілді.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

С. Бөлек
Logotype Massaget