Шымбұлаққа барар жолда қозғалыс төрт айға шектеледі

Шымбұлаққа барар жолда қозғалыс төрт айға шектеледі
Фото: gov.kz

Медеу - Тұйықсу тасжолында қозғалыс уақытша шектеледі, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

24 шілде мен 30 қараша аралығында Медеу - Тұйықсу тасжолында инженерлік инфрақұрылымды жаңғыртуға бағытталған жоспарлы жұмыстар жүргізіледі.

"Осыған байланысты Медеу - Тұйықсу тасжолында көлік қозғалысына уақытша шектеу енгізіледі. Бұл шаралар жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету, арнайы техниканың кедергісіз жұмыс істеуі және жөндеу жұмыстарын белгіленген мерзімде аяқтау үшін қажет", - деді әкімдік өкілдері.

Сурет: Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі 

Соған қарамастан, Шымбұлақ шатқалындағы туристік нысандар қалыпты режимде жұмысын жалғастырады. Жол төтенше жағдайлар қызметтерінің көліктеріне, шатқал тұрғындарына, сондай-ақ, арнайы техникаға ашық болады.

"Жаяу туристер үшін шатқал мен туристік нысандарға кіру мүмкіндігі сақталады. Балама бағыт ретінде Студенттер соқпағын пайдалану ұсынылады. Бағыт "Медеу" бөгеті жанындағы №12 және №21 автобус бағыттарының соңғы аялдамасынан басталып, бөгеттің төменгі жағымен өтіп, "Горельник" визит орталығына дейін жалғасады", - деп жазылған хабарламада.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget