Шығыс Қазақстан облысының тұрғындары жауында жол жөндеген билікке наразылық білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі. Бұл туралы депутат Дәулет Мұқаев әлеуметтік желіде жариялады.
Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданы Алғабас ауылының тұрғындары жол сапасының нашарлығына шағымданып, жауында жол төсеген жол жөндеушілердің жұмысын сынға алды. Тұрғындардың айтуынша, жағдайды ешкім бақылап отырған жоқ. Күршім ауданы мен Алғабас ауылы арасындағы 10 шақырым жол 4-5 жылдан бері толық жөндеу жұмысын көрмеген.
"Бүгін 29 қазан, бұл 7 км жолдың жөндеу жұмысы. Мердігер жұмысын бастағаннан бері ауыл халқы күнде ескертумен келеді. ЖКХ мекемесінде аудандық басында тұрып шақырды келмеді, тексеруші орган келмейді, ешкім бақылауға алмайды, ауылдық әкім келіп ескерту жасайды, бірақ оны тыңдамайды. Күршім ауданы мен Алғабас ауылының арасы 10 км. Осыдан 4-5 жыл бірінші салынған асфальт жолдың қалыңдығы небәрі 1,5 см, осыны тексерген облыстық антикор, лаборатория келіп алған анализден де сапасыз нәтиже шыққан. Бірақ мердігерге ешқандай шара қолданған жоқ", - дейді ауыл тұрғындары.
Халық назарын тыңдамаған билік Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаевқа жүгінген. Хат жолдап, жағдайдың назарға алуын сұрады жұрт.
"Біз неге дамымаймыз? Себебі көп нәрсені теріс істейміз. Үй саламыз, артынша жол саламыз. Сосын оны бұзып, жол астына құбыр, кабель саламыз. Ақша жоқ емес, бөлінуі бөлінеді-ау. Бірақ соны дұрыс басқара алмаған соң, талан-таражға түсіп, соңында қарапайым халық опық жейді. Одан кейін қалған ақшамен боран болсын, жаңбыр болсын, ештеңеге қарамай, әйтеуір жолды тез-тез бітіру керек болады. Видеода ШҚО, Күршім ауданы, Алғабас ауылына барар жол. Міне, соның айқын мысалы - осы. Бөлінген ақша жоғарыдан ауылға жеткенше, дөкейлердің уысына түскенше, 20 сантиметрлік асфальт 15 болады, 15 см асфальт 7-8 см болады", - деп жазды депутат.
ШҚО әкімдігі желіге тараған жазбадан кейін жағдайға қатысты түсініктеме берді. Олардың айтуынша, жол жөндеу бойынша тендер биыл 12 маусымда жарияланған. Мердігер компания келісім бойынша жөндеу жұмыстарын шілде-тамыз айларында аяқтауы керек еді. Алайда ешқандай жұмыстар жүргізілмеген. Сәйкесінше, сот арқылы мердігер компания міндеттен шеттетілетін болды.
"Аталған жұмыстар тиісті уақытта басталмады, сәулет, құрылыс, ТҮКШ, автокөлік және автомобиль жолдары бөлімі тарапынан ауызша және жазбаша түрде ескертулер айтылғанымен, ешқандай әрекет жасалмады. Келісімшарт орындалмағандықтан, біржақты тәртіппен бұзылып, тұрақсыздық айыбын өндіру үшін арыз берілді. Нәтижесінде, ШҚО мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты аталған мердігерді мемлекеттік сатып алулардың жосықсыз қатысушысы деп тану туралы шешім шығарды", - делінген ШҚО әкімдігінің баспасөз қызметінің хабарламасында.
Алдағы уақытта жаңа шарт жасалып, төселген асфальт толығымен алынып, қайта жасалады деп сендірді әкімдік.
"Мемлекеттік сатып алулар бойынша өткізілген іс-шаралардың нәтижесінде мердігер "РДС-Құрылыс" ЖШС-мен жаңа шарт жасалды. Жол жөндеу жұмыстары басталды, бірақ ауа райының қолайсыздығы жұмысты сапалы орындауға кедергі келтірді. Жергілікті атқарушы орган мердігермен профилактикалық әңгіме өткізді, төселген асфальт толығымен алынатын болады. Бұл бағыттағы жұмыстар ашық ауа райы күндері жалғасады", - деп қосты әкімдік.
Еске сала кетейік, бұған дейін Шығыс Қазақстан облысында шөп қоймасы өртенгенін жазған едік.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!