Шығыс Қазақстан облысы, Маңырақ ауданындағы Ахмет Байтұрсынов атындағы білім ордасы күрделі жөндеуді қажет етеді. Жарты ғасырдан бері жөндеу көрмеген мектептің хәлі адам шошырлық, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Облыстық Білім басқармасы өкілдерінің айтуларынша, "мектеп апатты жағдайда" деп танылмаған. Дегенмен жауапты тұлғалар бұған биылдан бастап қаржы бөлінгенін жеткізді. Айтуларынша, келесі жылы еденін ауыстырып, электр және жылу желілері жөнделеді.
"Нысан апаттық жағдайда деп танылмады. Жалпы, 50 жыл жөндеу көрмеген. Қаржы бөлінді, енді күрделі жөндеу қолға алынбақ", - деді Білім басқармасы өкілдері.
Маңырақ ауылының тұрғындары "мұндағы білім сапасы жоғары, тек Ұлт ұстазының есімі берілген білім ошағының мұндай сұрықсыз күйге түскені өкінішті" десті. Ресми ақпаратқа сүйенсек, бұған 360 миллион теңге қарастырылған.
"Жұмыс екі жылға созылмақ. Биылға 146 млн теңге бөлінді. Бұл ақшаға сыртқы қаптаулары мен шатырын жөндейді. Ал келесі жылы ішкі жағына көңіл бөлінеді. Қазіргі түрі қашқан кейпі немесе мектептегі шаң-тозаң 31-ші тамызға дейін түгел реттеледі. Тазалық жағынан оқушыларға еш кедергі болмайды", - деді аудандық білім бөлімінің басшысы Самал Дауытбаева.
Сонымен қатар, мектеп ауласындағы Ұлы Отан соғысы жауынгерлеріне арналған ескерткіш те жөнделмек.
Айта кетейік, былтыр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың арнайы тапсырмасымен "Жайлы мектеп" ұлттық жобасы қолға алынған еді. Жоба жоспары бойынша 2023-2025 жылға қарай заманауи, жайлы 400-ге тарта мектеп салынуы керек. Ал дәл осы Шығыс Қазақстан облысында жалпы құны 34 717,4 млн теңгені құрайтын 4200 орындық 10 мектеп салу жоспарлануда.
«Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыру апатты жағдайдағы, үшауысымды және орын тапшы мектептер мәселелерін шешуге, сондай-ақ білім сапасын арттыруға және оқу үшін қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ ҚР Оқу-ағарту министрлігі ақпараты бойынша, биыл елімізде 506 мектеп жаңғыртылды. Оның ішінде 107 мектепте ағымдағы жөндеу жұмыстары аяқталған. 185 орта білім беру ұйымында мектеп жиһаздары жаңартылса, 201 мектеп кітапханасы мен 119 мектеп асханалары жаңғырту жұмысынан өткен. 261 мектепке турникет, бейнебақылау, дабыл түймелері орнатылып, қауіпсіздік шаралары күшейтілді.
Асыл Бигелді
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!