Шығыс Қазақстан облысының барлық 11 ауданы "меншікті уақытқа" көшті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
13 наурыздан бастап Шемонаиха және Глубокое аудандарындағы мемлекеттік мекемелер, кәсіпорындар мен әлеуметтік қызмет қызметкерлері сағат 8:00-де жұмысқа келіп, 17:30-да аяқтайды. Түскі үзіліс уақыты 12:00-13:30 аралығында белгіленген.
Бұл өзгерістер мектептер, балабақшалар және медициналық ұйымдарға әсер етпейді, өйткені олар бұрыннан осыған ұқсас жұмыс кестесімен қызмет етіп келген.
Шемонаиха ауданы әкімдігінің мәліметінше, жаңа жұмыс уақыты еңбек процесін оңтайландыру және аудандар арасындағы өзара байланысты жақсарту мақсатында енгізілген. Сонымен қатар, өзгеріс аймақтың табиғи ерекшеліктеріне, ерте таң атып, күн ерте батуына байланысты қабылданған.
"Жаңа жұмыс тәртібі күндізгі уақытты барынша тиімді пайдалануға мүмкіндік беріп, еңбек өнімділігін арттыруға және тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға ықпал етеді", - деді аудан әкімі Дидар Кеңесбаев.
Глубокое ауданында жергілікті тұрғындармен кездесу өткізіліп, жаңа жұмыс кестесі талқыланды.
"Қызметкерлердің отбасына көбірек уақыт бөлуіне жағдай жасау - басты мақсатымыз", – деді аудан әкімі Эльдар Тұмашинов.
Жергілікті тұрғындар да бұл бастаманы қолдады.
"Кешке бос уақыт көбеюі отбасымызға көңіл бөлуге, үй шаруасына көбірек уақыт бөлуге мүмкіндік береді", – дейді Глубокое ауданының тұрғыны Роза Әділбаева.
Айта кетейік, былтыр 1 наурызға қараған түні Қазақстан бірыңғай уақыт белдеуіне өтті. Алайда 7 маусымда уақытты қайта өзгертуге қатысты петиция басталып, 50 мыңнан аса қол жиналғанымен, ол қабылданбады.
2025 жылғы қаңтардан бастап Шығыс Қазақстан облысының бірнеше ауданы жаңа жұмыс уақытына көшті.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!