- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Шығыс қазақстандық бүркітші...
Шығыс қазақстандық бүркітші қыз сегіз жасында таудан қалай құс алғанын айтып берді
Ұлан ауданына қарасты Бозанбай ауылында бірнеше бүркітші тұрады. Қыран баптап, аңға құс салу олар үшін әдепкі тірлік. Жуықта өңірдегі ең жас құсбегі Айзере Марксқызы басынан өткен оқиғаларының бірімен бөлісті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Айзере былтыр Ұлан ауданында өткен "Шығыс салбұрыны – 2022" ұлттық спорт ойынында көпке танылды. Ол кезде әлемнің бірнеше мемлекетінен туристер арнайы келіп, еңселі бүркітшілердің өнеріне тәнті болып қайтты. Құс баптайтын жан үшін бауашар рәсімі аса маңызды. Аңшының қолға үйреткен құсы алғаш тағыға түскенде шым-шытырық әлем қақпасын ашқандай болады.
Айзеренің отбасы 15 жылдан астам уақыт бұрын Моңғолиядан қоныс аударған. Сол кезде әкесі Маркс Нажитбан қыран құстарымен бірге, қазақтың көнеден келе жатқан дәстүрі мен мәдениетін ала келген. Қазақстанның құрметті спорт қайраткері Бағдатхан Мүптекеқызы да жас құсбегінің аяқ алысына оң бағасын беріп, ұлттық өнерге қаршадайынан үлес қосып жатқанын ерекше атап өтті.
Жақындарының сөзінше, Айзеренің "Мұзбалақ" атты құсы бір кездері қасқыр да алған. Былтыр өткен салбұрында Бозанбай ауылынан шыққан аруға сұңқардың балапанын Жетісу жерінен арнайы алдыртты. Ал әкесімен бірге тау басына шығып, бүркіттің балапанын алғанда сегіз жаста болған.
"Бозанбай маңындағы шыңдардың біріне етектей көтеріліп, артық дыбыс шығармауға тырыстық. Әкем ол жерде бүркіттің ұясы барын бұрыннан білетін. Табиғатынан аса сезімтал құс. Адамның қорқып тұрғанын бірден байқайды. Бойыңда үрей тұрса, шабуылдаудан да тайынбайды. Сұңқар, қаршыға сияқты тұрқы шағын қанаттылардан қауіп аз. Біз ұяға жеткенде тек балапан ғана болды. Үйге әкелгелі күтіміне ерекше мән бердік. Ал былтыр бауашар рәсімінен соң сайысқа "Қандыкөз" атты сұңқарымды қостым", – деді Айзере.
Бозанбай ауылына барған туристер де, екі жыл қатарынан өткізілген "Шығыс салбұрыны" халықаралық сайысына келген қонақтар да сұңқар көтерген қызды көрсе, жанына жетіп барып, суретке түсуден жалықпайды. Айзеренің анасы Шекерман ши тоқыма, былғарыдан білезік әзірлеп, кілем тоқудың шебері.
Асыл Бигелді
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
А. Жайыққызы