Шығыс Қазақстан облысындағы "Востокцветмет" ЖШС-не қарасты Артемьев шахтасында кәсіпорын жұмысшысы қаза тапты. Бұл – осы нысанда соңғы бір айда тіркелген екінші қайғылы жағдай, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
KAZ Minerals компаниясының мәліметінше, оқиға 30 мамыр күні кешкі сағат 20:30 шамасында болған.
"Тау жынысының опырылуы салдарынан кәсіпорын қызметкері қаза тапты. Бұл – бүкіл ұжым үшін ауыр қаза. Біз әріптесіміздің отбасы, туған-туыстары мен жақындарына қайғыра көңіл айтамыз. Компания марқұмның отбасына барлық қажетті көмек пен қолдау көрсетеді", – делінген хабарламада.
Оқиғадан кейін апат болған учаскедегі барлық жұмыс дереу тоқтатылды.
Компания мәліметінше, қазір оқиғаның себептері мен мән-жайын анықтау үшін тергеу жүргізіліп жатыр. Оған кәсіпорын мамандары мен уәкілетті мемлекеттік органдардың өкілдері қатысып жатыр.
"Компания үшін болған жағдайдың толық көрінісін анықтау және мұндай қайғылы оқиғалардың алдын алу үшін қандай қосымша шаралар қажет екенін түсіну аса маңызды", – деп атап өтті KAZ Minerals.
Сондай-ақ KAZ Minerals тобы басқармасының төрағасы Андрей Третьяков арнайы құрылған комиссия мүшелерімен тұрақты байланыста екені және оқиға орнына жолға шыққаны хабарланды.
Бұл – Артемьев шахтасында соңғы бір айда болған екінші өлім жағдайы. Бұған дейін, 9 мамырда осы кәсіпорында жұмыс жүргізу кезінде биіктен құлаған механик қаза тапқан еді.
Жаңа жазатайым оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз