Шығыс Қазақстан облысында тасқынға тосқауыл қоюдың түрлі тетіктері қарастырылып жатса да қауіп бірнеше ауданда әлі бар. Зайсан ауданында қар жамылғысы әлі шамамен 90 сантиметр болады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
ШҚО ТЖД төтенше жағдайдың алдын алу басқармасының аға инженері Аяулым Кекиева жағдай ушығып кетсе, 756 техника, 83 жүзу құралы және 224 мотопомпа сақадай сай тұрғанын айтты. Жұмысқа 1700-ден аса адам жұмылдырылмақ.
"Қыс басталғаннан қазірге дейінгі аралықта 454,8 мың текше метрден аса қар шығарылды. Қалалар мен аудандардағы әкімдіктерде жалпы ұзындығы 140 шақырым арна мен 434 арықты тазартып, тереңдету жұмыстары жүргізілді. Тұрғын үйлерді су басқан жағдайда халықты уақытша орналастыратын 121 пункт дайындалды", - деді ведомство өкілі жуырда өткен брифинг барысында.
Өскемен қаласынан бөлек, Катонқарағай, Ұлан, Тарбағатай және Күршім аудандарында жер тоңы 50 сантиметрден асады. Зайсан өңірінде қар жамылғысы 90 сантиметрге жуықтайды. Бүгінде аймақта су басу қаупі бар 71 елді мекен анықталды.
"Жергілікті атқарушы органдар жүргізген шаралар нәтижесінде 15 елді мекенде қауіп жойылып, 46-сында барынша азайтылды. Яғни, 56 ауылда су басу қаупі әлі де сақталады", - деді Аяулым Жангелдіқызы.
Асыл Бигелді
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!