• 500.67
  • 490.7
  • 6.04

Шығыс Қазақстанда тағы екі аудан “меншікті уақыт белдеуіне“ көшті

Шығыс Қазақстанда тағы екі аудан “меншікті уақыт белдеуіне“ көшті
Фото: Midjourney

Шығыс Қазақстан облысындағы Марқакөл және Үлкен Нарын аудандарының тұрғындары 24 ақпаннан бастап "меншікті уақыт белдеуіне" көшті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Енді Марқакөл және Үлкен Нарын аудандарында жұмыс күні сағат 08:00-де басталып, 17:30-да аяқталады, түскі үзіліс 12:00-ден 13:30-ға дейін. Мұндай кесте жұмыс істейтін тұрғындар күндізгі уақытты тиімді пайдалану үшін енгізілген, өйткені аймақта ерте күн шығып, ерте күн батады.

Бұл ақпаратты ШҚО Өңірлік коммуникациялар қызметі және аудандардың ішкі саясат бөлімдері растаған.

"24 ақпаннан бастап мекемелердегі жұмыс күні сағат 08:00-де басталды. Халықпен талқылап, осындай шешімге келдік. Жергілікті халық бұл идеяны қолдады, бұл әлдеқайда ыңғайлы, өйткені таңертең бәрі ерте тұрады, ал кешке керісінше отбасына, үйдегі тірліктеріне уақыт қалады", - деп түсіндірді Шығыс Қазақстанның Марқакөл ауданы әкімдігі өкілі.

Айта кетейік, мұндай тәсілді ең бірінші болып қаңтардың басында Катон-Қарағай ауданы қолданды. 17 ауылдың тұрғындары жаңа кесте бойынша жұмыс істейді: бес күндік жұмыс аптасындағылар 08:00-ден 17:30-ға дейін жұмыс істейді, түскі үзіліс 12:00-ден 13:30-ға дейін.

Айта кетейік, 2024 жылы 1 наурызға қараған түні Қазақстан бірыңғай уақыт белдеуіне көшті. 7 маусымда мұның күшін жою туралы петиция жарияланды. Ол қажет болған 50 мың қол жинады, бірақ қабылданбады.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget