Шығыс Қазақстанда пара алған шенеунік бас бостандығынан айырылды

ШҚО-да облыстық экология департаментінің басшысы сотталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Шығыс Қазақстан облысында Өскемен қаласының соты облыстық экология департаментінің басшысы Д.Әлиевке, жергілікті тұрғын М.Жұрқабаевқа және кәсіпкер К.Длюжевскийге қатысты үкім шығарды.

Әлиев пара алғаны үшін, Жұрқабаев делдалдық жасағаны, ал Длюжевский коммерциялық ұйымға алтын өндіруге экологиялық рұқсат алу үшін 4,5 млн теңге көлемінде пара бергені үшін кінәлі деп танылды.

"Сот үкімімен шенеунік 4 жылға, қала тұрғыны 1 жыл 6 айға, кәсіпкер 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды, сондай-ақ пайдалы қазбаларды барлау және өндіру саласындағы коммерциялық ұйымдарда 5 жыл мерзімге басшы лауазымдарын атқаруға тыйым салынды", - деп жазылған хабарламада.

Сондай-ақ олар өмір бойы мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік секторда қызмет атқару құқығынан айырылды.

Сот актісі заңды күшіне енген жоқ.

Еске салайық, бұған дейін Түркістан облысында білім бөлімінің 40-тан аса қызметкері миллиардтаған қаржы жымқырды деген күдікке ілінді. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!