Шығыс Қазақстан облысында Ленин ескерткішін жөндеуге қаржы бөлген Алтай ауданының әкімі өз еркімен қызметінен кетті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұл туралы облыс әкімдігі өкілдерінің Алтай ауданына жасаған сапарында белгілі болды. Былтыр қыркүйекте жұмысына кіріскен Ернар Мұстафин жұмыстан кету туралы өз еркімен арыз жазған. Аймақтағы ауыс-түйіс жайлы облыс әкімі аппаратының басшысы Ербол Нұрғалиев те растады.
Ал Ернар Мұстафин қызметін аяқтайтынын айтып, әлеуметтік желіде қоштасу жазбасын жариялады.
"Алтай ауданының әкімі қызметімді аяқтаймын. Тез әрі ұтымды шешімдер қабылдауға тырыстым. Көп жағдайда тұрғындар қолдауы сезіліп тұрды. Қордалаған біраз мәселе шешімін тапты, қалғанын біржақты етуге уақыт керек", - деді Ернар Мұстафин әлеуметтік желідегі парақшасында.
Аймақ басшысының шешімімен Алтай ауданы әкімінің міндетін атқарушы лауазымына Ренат Құрмамбаев тағайындалды. Ренат Тілеуханұлы бұған дейін Катонқарағай, Ұлан аудандарын басқарып, кейін Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінде жұмыс істеді. Алтай ауданы басшысының міндеті атқарушы болмай тұрып, осы өңірде әкімнің орынбасары болды.
Еске салайық, мамырда Ернар Мұстафин Ленин ескерткішін жөндеуге қаржы бөліп, басы дауға қалған болатын. Аудандық бюджеттен 1,5 миллион теңге қарастырылған еді.
Асыл Бигелді
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!