Төр Алтай жұрты жыл басын көтеріңкі көңіл күймен қарсы алды. Биыл орталық алаңға жиылған жұрттың қарасы да көп. Алаңдағы ақшаңқан киіз үйлер, қыран көтерген құсбегілер, садақ асынған мергендер Наурыздың сәні мен салтанатын асыра түскендей.
Республика алаңындағы Наурыз тойы салтанатты шерумен басталды. Ақбоз ат мінген Қыдыр атаның соңынан сән-салтанаты жарасқан мерекелік керуен өтті. Осыдан кейін Шығыс Қазақстан облысы әкімі Ермек Көшербаев өңір тұрғындарын Наурыз мейрамымен құттықтады.
"Наурыз - береке мен бірліктің, ынтымақ пен ырыстың, жаңғыру мен жаңарудың мейрамы. Биыл Мемлекет басшысының бастамасымен Наурыз мейрамы елімізде кеңінен аталып өтуде. Наурыз мейрамы тарихи тамырын үзбей ұрпақтан-ұрпаққа жетті. Ал бүгінде мейрамды тойлау барысы жаңа қарқын ала түсті. Халқымыз Наурыз мейрамын үлкен үмітпен, ізгі ниетпен қарсы алған. Елімізде әрдайым жақсылық болсын. Ұлыс оң, ақ мол болсын", - деді Ермек Көшербаев.
Осыдан кейін орталық алаңдағы мерекелік шара әншілердің әнімен, күйшілердің күйімен, бишілердің биімен жалғасты. Әсіресе жиналған жұрт бүркіт көтерген құсбегілерді қызыға тамашалап, кезек-кезек суретке түсіп жатыр. Ал балалар асық атып, спортшылар қол күрестіріп, гір тасын көтеріп, арқан тартып күш сынасуда. Алаңға келген ағайын Мұтырғановтардың Шапито циркі ұсынған көріністі тамашалап, түрлі байқаулар мен сайыстарға белсенді қатысып жатыр.
Осылай орталық алаңдағы той мерекелік көңіл күймен жалғасын тауып жатыр. Үлкен сахнада жергілікті шығармашылық ұжымдар алаңға жиылған қауымды ән-думанға бөлеп жатыр. Қазір Республика алаңында мерекелік шаралармен қатар күндізгі концерттік бағдарлама өтіп жатыр. Кешке дәл осы сахнада өңір жұртшылығын Ұлыстың ұлы күнімен қазақ эстрадасының белгілі әншілері Kalifarniya мен Нұргүл Мыңғатова құттықтайды.
Материалды Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі ұсынды
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз