Шығыс Қазақстан облысында 700-ден аса үйді су басуы мүмкін. Мамандар биыл көктемде қауіп жоқ екенін жеткізген еді. Әйтсе де өңірдегі Алтай ауданында бірнеше ауылды су басу қаупі әлі де бар, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұл ауданда тасқын алуы мүмкін 12 учаске бар. Тіпті Богатыревский су жинағышының арнасынан асып түскен кездері болған. Құтқарушылар есебінше, 721 үй су астында қалуы мүмкін. Онда қазір 1608 адам тұрып жатыр. Тұрғын үйлердің көбі Алтай қаласында, Зубовск кенті мен Малеевск ауылында орналасқан.
"Тасқын қатеріне іліккен үйлер мен тұрғындарды уақытылы хабардар етіп отыру керек. Құжатта жасалған тізім көп жылдан бері жаңартылмаған. Бәлкім кейінгі бірнеше жыл ішінде үйлерін жауып, көшіп кеткендер болуы мүмкін. Дұрыс санақ біздің жұмысымызға тікелей әсер етеді. Себебі біз нақты көрініске ие болуымыз қажет", - деді Алтай ауданы әкімінің орынбасары Медет Сахариев.
Ауданда су тасқынына қарсы дайындық 6 наурызда басталған. Жауапты тұлғалардың сөзінше, әзірге жалғаса береді.
"Келесі көктемнің қамын осы бастан ойлауымыз керек. Барлық ауыл әкіміне төтенше жағдай басқармасы өкілдерімен бірлесе, су жүргізу құбырларын қадағалап, бөгеттерді бақылауға алуға тапсырамын. Мамыр бітпей есеп-қисабы шығарылуы тиіс. Егер қандай да бір мәселе шығып жатса, әкімдерге оның шешімін табу бойынша ұсыныс-кеңестеріңізді айта отырыңыздар", - деді аудан әкімінің орынбасары Сергей Охременко.
Асыл Бигелді
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!