Шығыс Қазақстан облысы Қайнар ауылында тұратын ерлі-зайыпты он жылдан аса уақыт түйе өсіреді. Жергілікті жұрт Манарбек Құрмет пен Аймен Айдархан жасайтын шұбатты шөл қандыру үшін ғана емес, ем үшін де тұтынады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Олар атажұртқа осыдан алты жыл бұрын оралған. Түйе шаруашылығымен 2010 жылы айналыса бастапты. Елге келген жылдары "әуелі қандай кәсіпті қолға аламыз?" деген сауалға жауап іздеген.
"Сұрастырып едік, Зайсан ауданы тұрмақ, Шығыс Қазақстанды тұтас алғанда түйе өсіріп отырған ешкім жоқ екен. Уақыт өткізбей басқа өңірден түйе іздеуге кірістік. Сөйтіп, Алматы облысынан 10 түйе мен 8 бота алдырттық. Шұбат өндіріп бастағанда ауылдастарға дәм татқыздық", - деді 38 жастағы ер адам.
Оның айтуынша, бұл уақытта Шығыс жұрты шұбаттың дәмін татып та көрмепті. Содан болар, басында көбі сүйсініп ішпеген.
"Уақыт өте келе халық үйрене бастады. Бас-аяғы бір жыл ішінде тұрақты түрде тапсырыс беретіндер пайда болды. Жаз шыға Зайсан қаласы мен Айнабұлақ ауылының арасындағы тасжолға шығып сатамыз", - деді Аймен Айдархан.
Шұбаттың бір литрінің бағасы - 1200-1300 теңгенің айналасы. Қыста 300 теңгеге қымбаттайды. Олар жолда келе жатып шөлдеген жүргізушілер кеселеп ішіп жататынын айтты. Кәсіпкерлер бір кесесін 250 теңгеге бағалайды.
"Әлдебір ауруға шалдыққан, қаны азайып, иммунитеті төмендеп кеткен адамдар үйге іздеп келіп, шұбат сұрайды. Себебі түйе сүтінің пайдасы мол. Ол - қант диабеті, бүйрек, асқазан мен қатерлі ісік ауруларының емі. Дәруменге бай шұбатты тұрақты ішетіндер талай дерттің алдын алады", - деді Манарбек Құрмет.
Манарбектің айтуынша, шұбатты күніне екі рет, нақты айтқанда таңертең аш қарынға және кешкі уақытта тамақтан кейін ішкен дұрыс. Шайға қосып ішуге де болады.
Қазір отбасы 20-дан аса түйе ұстап отыр. Жылына бірнешеуін соғымға сатады екен. Екі жасары 300 мың, үш жасары 400 мың теңге шамасында бағаланады.
"Інгенді соймаймыз. Түйе екі жылда бір рет боталайды. Ботаны 12 ай көтереді. Содан соң 18 ай сауылады. Түйе еті серкенің дәміне ұқсайды. Майы көп болады. Бірақ жегенде тез қорытылады", - дейді 36 жастағы кәсіпкер әйел.
Жөтел жиі мазалайтын жандар түйе өркешінің майын қайнатып, сорпа қылып ішеді екен. Аяғында кальций аз адамдар түйенің сүйегін алып қайнатады.
"Алдағы уақытта да түйе шаруашылығымен айналысып, мал басын арттыруды көздеп отырмыз. Жол бойынан жер алып, шұбатхана ашқымыз келеді. Қаладан азаматтар хабарласып, ауылда шұбат ішіп жатқысы келетінін жиі айтады. Сондықтан оларға да жатар орын ойластыру керек. Сайып келгенде, бұл да жер мәселесіне келіп тіреледі. Бұл ретте, жергілікті әкімдіктен қолдау болса дейміз", - дейді Манарбек Құрмет.
Оның айтуынша, коронавирус өршіген тұста шұбат сұрайтындар күрт көбейген. Шығыс Қазақстанның түкпір-түкпірінен жиналған азаматтар таңнан бастап келіп, кезекке тұрыпты. Қазір тіпті облыстың түкпір-түкпірінен бөлек, елорда мен Алматыдан түйе сүтіне тапсырыс беретіндер бар екен.
Асыл Бигелді
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!