- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Шығыс базары, этникалық...
Шығыс базары, этникалық музыка мен бағалы сыйлықтар: Түркістанда демалыс күндерін қалай қызықты өткізуге болады
Қазақстанның ең көне қаласы, әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған музыканттардың орындауында ашық аспан астында әуелеген этникалық музыка және нағыз Шығыс базары: 23 қыркүйек күні Түркістандағы Karavansaray Arena алаңында The Spirit of Turkistan фестивалі өтеді,, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
The Spirit of Tengri брендінің жеке жобасы биыл екінші мәрте ұйымдастырылмақ. Фестиваль түркі әлемі мемлекеттері мен бүкіл әлемдік қауымдастықтың мәдениеттері арасындағы берік тарихи байланыстарға негізделген. The Spirit of Turkistan - мәдени таным көкжиегін кеңейтуге ниетті ұлты, жасы мен қызығушылықтары әртүрлі адамдарды бір арнаға тоғыстыруды көздейді. Әлем халықтарының құндылықтарымен танысу адамдар арасындағы айырмашылықтарды ғана емес, ұқсастықтарды көруге де мүмкіндік береді.
"Музыка бақыт, бейбітшілік пен махаббатты жырлайды. Музыкаға деген ортақ махаббаты біріктірген түрлі этностар мен халықтардың бір сахнада бас қосып, өнер көрсеткенін көру - ерекше сезім. Біздің музыканы тыңдаған әр адам осы махаббатты жүрегімен сезінеді деп ойлаймын", - дейді Alash Media Group холдингінің бас директоры Зәуре Қазыбаева.
Өткен жылғы фестиваль қатысушылар құрамы жағынан тым ауқымды болған жоқ. Бұл жолы Қазақстан және көршілес елдердің музыканттарымен қатар, сахнаға дәстүрлі және заманауи этникалық музыка жанрының шалғайдағы шет мемлекеттерден келген өкілдері де шығады. Көрермендер "Hassak" (Қазақстан), "DJ Puza" (Қазақстан), "Tengri" (Қазақстан), "Avesto" (Тәжікстан), "Abbos" (Өзбекстан), сондай-ақ, "Veeble" (Италия), "Kerekes Band" (Мажарстан) пен "Kolektif Istanbul" (Түркия) топтарының өнерін тамашалайды.
Биылғы The Spirit of Turkistan фестивалінің тағы бір ерекшелігі - фестиваль аумағында көптеген белсенді іс-шаралар ұйымдастырылады. Қонақтар ұлттық ойындар сайысына қатысып, түрлі ұлттық тағамдардан дәм татып, шығыс тәттілері, кептірілген жемістер, тандырдан шыққан тағамдар сатылатын шығыс базары мен қолөнершілер жәрмеңкесін аралай алады.
Бұдан бөлек, қонақтардың барлығы қазақ батырлары мен аруларының бейнесіндегі модельдермен суретке түсе алады, келушілерге Қазақстанның үздік шеберлері шығыс стилінде тегін аквагрим жасап береді. Ал fire-шоу мен қылыштар шоуы фестивальдің көркін аша түспек.
Түркістанға барсаңыз, тарихи ескіркіштерге соғуды да ұмытпаңыз. Мәселен, Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне баруға болады. Ал синоптиктер фестиваль өтетін күні ауа райы ашық, температура + 28 градус болады деп болжам жасап отыр.
Фестивальге кіру - тегін. Фестиваль қонақтары үшін түрлі бағалы сыйлықтар ұтысы ұйымдастырылады, олардың арасында Ыстамбұл қаласына 4 адамға арналған жолдама да бар.
The Spirit of Turkistan фестивалі Kazakh Tourism қолдауымен өтіп жатыр. Жобаның бас серіктесі - Kaspi.kz.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз