Шығын көп, кіріс аз: Бюджет тапшылығына қатысты депутаттар пікірі

Елімізде келесі жылы бюджет тапшылығы төрт триллион теңгеден асып кетуі мүмкін. Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында республикалық бюджетке кірістер лайықты деңгейде орындалмай жатқанын айтты. Ол өңір басшыларын артық жиындарды азайтып, қаржыны үнемдеуге шақырды.

Massaget.kz тілшісі ел бюджетін үнемдеуді неден бастаған жөн, Үкімет пен Парламент елдегі қандай шығындарды бірінші кезекте азайту керек деген сауалды Мәжіліс депутаттарынан сұрады.

Ринат Зайытовтың пікірінше, бюджет қаржысын үнемдеуді ешкімге пайдасы жоқ форумдарды қысқартудан бастаған жөн.

«Алдымен мерекелер мен ешкімге пайдасы жоқ форумдарды қысқарту керек. Облыс орталықтарында халықты алдаусырату мақсатында шетелден, үлкен қалалардан әртіс алдыру сәнге айналғалы қашан. Облыстың мәдениеті қайда, неге ол облыстың мәдениет өкілдері өз өңірлерінде сахнаға шықпайды. Жергілікті ұжымдармен жұмыс істесе, баға он есе арзанға түсетін еді ғой. Бәрі жеңілге жүгіреді. Жұмыс дұрыс атқарылмаған соң, бюджет ақшасы тиімсіз жұмсалады», - деп пікір білдірді Мәжіліс депутаты.

Талдауды талап ететін есеп-қисапыз шығындар

Ал Ермұрат Бапи бюджет қаржысын үнемдеуді мемлекеттік қызметкерлердің штат санын қысқартудан бастауды ұсынды.

«Үнемді мемлекет пен билік өзінен бастау керек. Оның алғышарты –  шектен шығып кеткен аппараттық, мемлекеттік атқарушы органдардың штат санын қысқарту. 20 миллион ғана халқы бар Қазақстанда 20-дан астам министрлік, оның комитеттері, департаменттері, жергілікті жердегі органдары мен филиалдарын есептегенде 200 мыңнын үстінде мемлекеттік қызметші бар. Ал енді үнем мәселесінен бұрын, әлдеқайда масштабты мәселелер бар. Мысалы, ауыл шаруашылығындағы субсидиялау мәселесі. Ол субсидияның қайтарымын көріп жатқан жоқпыз. Оны белгілі бір қожалықтар немесе ұйымдар алып жатқан шығар, бірақ оның қайтарымы мемлекетте. Мал басының өсуі немесе басқа да өндірістік агросектордағы дамудың көрсеткіштері жоқ. Президент Жолдауында «2 миллионға жуық мал басы санда ғана тұр» деп айтты. Бұл елдегі есеп-қисапсыз шығындар үлкен талдауды талап етеді», - деді Ермұрат Бапи.

Мұрты майланған өңірлік бюджет

Мәжілістің қаржы комитетінің Төрағасы, депутат Татьяна Савельева соңғы жылдары салық түсімінің көп бөлігі өңірлік бюджеттерге берілді, салдарынан республикалық бюджет кірісі азайды дейді. 

«Республикалық бюджеттің кіріс бөлігіне қатысты бірқатар мәселелер бар. Оған, біріншіден, экономикалық жағдай әсер етсе, екіншіден, соңғы жылдары салық түсімінің көп бөлігі жергілікті бюджет базасына беріліп отырды. Біз соңғы жылдары аймақтарға қаржы бөлуді күшейттік. Республикалық бюджетке келсек, Үкімет алдында жағдайға анализ жасау міндеті тұр. Жергілікті бюджет кірісінің көрсеткіштеріне қарасақ, шағын бизнес дамып жатыр. Ірі бизнес неге дамымай отыр?! Сыртқы макроэкономикалық жағдайлардың қысымынан ба, әлде қандай да бір ішкі факторлар бар ма? Осы жағын анықтау қажет», - деді Савельева.

Шығын көп, кіріс аз

2025 жылғы республикалық бюджет бойынша үкіметтің болжамды жоспары келесідей:

 Бюджет кірісі: 21,7 трлн теңге, оның ішінде:

15,6 трлн теңге — салықтан түсетін табыс,

5,3 трлн теңге — Ұлттық қордан алынатын трансферт.

 Бюджет шығысы: 25,8 трлн теңге.

 Бюджет тапшылығы: 4,1 трлн теңге.

 

Айта кетейік, 4 қыркүйек Ұлттық қордан кепілді трансферт туралы заң жобасы Мәжіліс қарауына өтті.  

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!