Швеция Қазақстанға миллиондаған теңге жымқырды деген күдіктіні берді

Фото: Видео кадры

Швециядан аса ірі көлемде бөтеннің мүлкін жымқырды деген күдікті экстрадицияланды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Бас прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігінің Интерпол қызметкерлері Қазақстан Республикасының Стокгольмдегі елшілігінің көмегімен бөтеннің мүлкін аса ірі көлемде жымқырғаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тарту мақсатында Швеция Корольдігінен Қазақстан азаматын экстрадициялады.

"Ол 2015–2020 жылы Шымкенттегі сауда орталығында жұмыс істеп жүріп, өзіне сеніп тапсырылған 57 миллион теңгеге жуық қаражатты жымқырды деген күдікке ілінді.

Қылмыс жасағаннан кейін күдікті жасырынып, оған халықаралық іздеу жарияланған. Биыл ақпанда ол Швецияда ұсталды", - деп жазылған хабарламада.

Қазақстанның Бас прокуратурасының өтініші бойынша күдікті Қазақстанға экстрадицияланып, қазір Астана қаласының тергеу изоляторына қамалды.

Бұл қылмысты жасағаны үшін мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан 10 жылға дейінгі мерзімге айыра отырып немесе онсыз, 7 жылдан 12 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза қарастырылған.

Айта кетейік, Швеция Корольдігімен экстрадициялау туралы келісімнің жоқтығына қарамастан, сотталушыны экстрадициялау Бас прокуратура мен Швеция Әділет министрлігі арасындағы тығыз ынтымақтастықтың арқасында жүзеге асқан.

Былтыр швед тарабы Қазақстанға іздеуде жүрген 2 адамды экстрадициялаған болатын, олар қазір әртүрлі жаза түрлеріне сотталған.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова