Шұңқырға сиыр батып кеткен: ауыл тұрғындары жанайқайларын ешкім естімейтініне наразы

Шұңқырға сиыр батып кеткен: ауыл тұрғындары жанайқайларын ешкім естімейтініне наразы

Ақмола облысы Игілік ауылының тұрғындары былтыр су құбырын орнатуға қазылған терең шұңқырларға көліктері мен малы түсіп кетіп жатқанын айтып дабыл қақты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ауылда былтыр бюджет қаржысынан 149 миллион теңге бөлініп, мердігер компания су құбырын тартуға кіріскен. Алайда іс орта жолда қалып, қазылған терең шұңқырлар сол күйі жабылмай қалған. Салдарынан еріген қар суына толған шұңқырлар ми батпаққа айналған. Қазылған шұңқырларға көліктері мен малы түсіп кеткен тұрғындар әкімдікке талай мәрте шағымданған. Бірақ ешқандай нәтиже болмапты. 

"Мен Ақмола облысы Есіл ауданы Игілік ауылының тұрғынымын. Ауылдағы күрделі жағдайға ешкім назар аударар емес. Былтыр ауылда су құбырын салуға тиіс болған. Тұтас ауылдың біраз бөлігін қазып тастады. Жұмыс былтыр көктемде басталған. Бірақ жұмысты аяқтамай қазылған күйі тастап кетті. Жаздың шілде, тамыз айларында еш жұмыс жүргізілмей, қазанның соңы қарашаның басында барып қана жалғады. Ол қалай біте қойсын? Қыс бойы қазылған шұңқырлар ашық жатты. Қазір суға толған. Терең шұңқырларға қараудың өзі қорқынышты. Біресе автокөліктер түсіп кетеді. Тіпті малдары түсіп кеткендер де болып жатыр. Екі бірдей қара мал түсіп кетіп, 10 шақты жігіт әзер шығарып алды. Жолдарымыз езіліп ми батпаққа айналған. Қыс бойы қазылған шұңқырлардың маңайы үйілген топырақ болғандықтан қар да тазартылмады. Бір аптадан бері балаларымызды мектепке де жібермей отырмыз.  Қазылған шұңқырларға  балалар да түсіп кетуі әбден мүмкін ғой. Ауызсуға қол жеткіземіз деп қуанған халық тағы да жапа шегіп отыр. Егер аяқтамаса, бұл жұмысты неге бастады?" - дейді Игілік ауылының тұрғындары. 

Аудан орталығы Есіл қаласының дәл түбінде орналасқан ауыл тұрғындары қалаға дейін 10 шақырымға жетпейтін жолдың ойлы-шұңқыр екенін айтып зар илейді. Олар 5-10 шақырым жолдан 40 минутта зорға жететінін айтады. 

Аудан әкімі тұрғындардың айтқан уәжімен келісіп, мердігер компанияның істі сапасыз атқарғанын, бірақ іс толық аяқталмағандықтан, ешбір жауапкершілікке тарта алмайтынын айтып ақталған. 

"Игілік ауылына су құбырын тарту үшін бюджеттен жалпы сомасы 149 миллион теңге бөлінген. Былтыр мердігер "Монолит" компаниясы 40 миллион теңгенің ғана қаржысын игерді. Сәуірде жұмысты қайта бастағалы отырмыз. 109 миллион теңге аудан әкімдігінің есепшотында тұр. Иә, тұрғындардың айтып отырғанының бәрі дұрыс. Қазылған шұңқырлардың бірқатары жабылған. Бірақ жер отырған кезде ойылып шұңқырға айналған. Бірқатар шұңқыр жабылмай кеткен. Бүгін мердігер компанияны түстен кейін шақыртып отырмын. Жұмыстың бәрін жоспарлаймыз. Сәуірде қалған сома бөлініп, су құбырын тарту бойынша жұмыстар жалғастырылады", - дейді Есіл ауданының әкімі Еркебұлан Баяхметов. 

Жергілікті билік су қазу жұмыстары жер кепкенде басталатынын айтып уәде берді.

Абзал Алпысбайұлы

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова