“Шұңқырға құлаған“. Шымкентте бала өлімі бойынша екі кәсіпкер қамауға алынды

“Шұңқырға құлаған“. Шымкентте бала өлімі бойынша екі кәсіпкер қамауға алынды
Фото: Tengrinews.kz/ Тұрар Қазанғапов

Шымкентте алты жасар баланың өлімінен кейін екі кәсіпкер қамауға алынды. Мердігер компания басшылары жарылған кәріз құбырын дер кезінде жамап, уақытында апаттың алдын алмаған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"КТК" арнасы мәліметінше, тергеушілер олардың немқұрайлы қарағаны 1-сынып оқушысының нәжіс суына құлап, мерт болуына әкелді деп отыр.

"Құрылыс жұмысында қауіпті аумақты қоршау және ескерту белгілерін қою бойынша міндетін орындамаған. Қылмыстық іс қозғалып, полиция ЖШС басшыларын қамауға алды. Бұл құрылыс әлі бітпеген. Әкімдік балансына алынбаған", - деді Шымкент ПД бастығының тергеу ісі жөніндегі орынбасары Асылжан Қалдарбеков.

Былтыр "Тұран" шағынауданында кәріз құбыры жарылып, оны жамауға келгендер техникамен ор қазып тастап кеткен. Оған нәжіс суы толып, тереңдігі үш метрлік көлшікке айналғанын тұрғындар әкімдікке талай айтқан. Жергілікті билік жұмысқа мердігерді жалдап, олар тағы бір компанияға тапсырып, ақыры жұмыс аяқталмай қалған. 

Еске салайық, бұған дейін Шымкентте бірінші сынып оқушысы су толы шұңқырға құлап мерт болғаны хабарланды.

Оқиға 12 сәуірде Тұран-1 шағынауданында болған. Алты жастағы бала шамамен сағат 17:00-де серуендеуге шыққан, содан кейін үйіне оралмаған. Ата-анасы оны бірден іздеуге кіріскен.

Бала шамамен сағат 22:00-де тереңдігі екі метр шамасындағы су толы шұңқырдан табылған. Мәйіт сот-медициналық сараптамаға жіберілді. Қазір тексеріс жүріп жатыр.

Артынша Шымкенттегі қайғылы жағдайдан кейін әкім қызметінен кетті.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget