- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Шуда кәріз суына...
Шуда кәріз суына екі бірдей бала батып кетті
Жамбыл облысының Шу қаласында кәріз суына екі бірдей бала батып кетті. Марқұмдардың ата-анасы қауіпті жердің қоршалмай тұрғанына наразы, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Оқиға 9 шілдеде Шуда кәріз суы жиналатын жерде болған. 10 жастағы 3 бала ойнап жүріп, құстарды ұстаймыз деп төбешікке шыққан. Алайда біреуінің аяғы тайып суға кетеді. Екіншісі құтқарамын деп ол да артынан батып кеткен.
Үшінші бала көмек шақырған. Қала тұрғыны жеткенде бүлдіршіндердің денесі судың бетінде қалқып жатқан. Дәм-тұзы небәрі 10 жасында таусылған Айбектің анасы бұған жергілікті шенеуніктерді кінәлап отыр. Қауіпсіздік талаптары сақталғанда, бұлай қайғылы жағдай болмас еді дейді.
"Әлі күнге дейін ешкімнен ешқандай әрекет жоқ. Мен өткенде айтқанмын хотя бы сетка қойсыншы деп. Бүгін келіп қарасақ сетка да жоқ. Ешбір ананы баламен сынамасын. Кеше жүрген балам бүгін жоқ. Тағы кім кепілдік бере алады тағы сондай жағдай қайталанбайтынына. Қоршау ештеңе болмаса", - дейді Айбек Сағымбайдың анасы Света Шалбаева.
Ал полицейлер екі баланың өліміне қатысты тергеудің әлі жалғасып жатқанын хабарлады.
"Аталған дерекке қатысты адам өлімі бойынша тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Тиісті сараптамалар тағайындалды. Нәтижесі бойынша тиісті процесуалдық шешім қабылданатын болады. Тергеу әрекеттері жалғасуда. Ал, кенжелерінен қапелімде айырылған екі отбасының ендігі жалғыз тілегі - қауіпті судың қоршалғанын немесе түбегейлі жабылғаны", - деді Жамбыл облысы ПД ресми өкілі Құндыз Бөгенбаева.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
М. Лұқпан