Шұбат, құрт, қымызды ұнатады: Атырауда тұратын Ұлыбритания азаматы 50 күйді жатқа үйреніп алған

Шұбат, құрт, қымызды ұнатады: Атырауда тұратын Ұлыбритания азаматы 50 күйді жатқа үйреніп алған
Фото: AtyrauPress

Ұлыбритания азаматы Сабина Мастерс 4 жылдан бері Атырауда тұрып жатыр. Осы уақыт аралығында Сабина домбыра шертуді үйреніп, 50-ден аса күйді жаттап алған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі AtyrauPress басылымына сілтеме жасап. 

Сабина Мастерстің сөзінше, ол Атырауға күйеуі шетелдік компанияға инженер қызметіне шақырту алғаннан кейін бірге келген. Олар қазақ халқының мәдениеті, дәтүрі мен ғұрпын үйрене бастаған. Жергілікті театр, филармонияға жиі баруды әдетке айналдырған. Бірде Дина Нұрпейісова атындағы Атырау академиялық халық аспаптар оркестрінің кезекті концерті кезінде домбыраның үні Сабинаның жан дүниесіне терең әсер еткен. Жергілікті дарынды өнер адамдарының шығармашылығына тәнті болған Сабина домбыра тартуды үйренуді мақсат еткен. Бірақ бастапқыда бірде-бір қазақша сөз білмейтін Сабинаға домбыра тартуды үйрететін адамды табу қиын болған.   

"Домбыра классы бойынша педагог-шебер Ерлан Сақтанов үйретуге келісті. Мен қазақша тек екі сөз, ол ағылшын тілінде тек бес сөз білетіндіктен қиын болды. Бірақ бір-бірімізде музыка тілімен түсіндік. Шыдамдық танытқаны үшін алғыс айтамын. 4 жылдан бері сол кісімен домбыра тартуды үйреніп жүрмін. Пандемия кезінде Англияда болдық, бірақ сабағымызды онлайн жалғастырдық", - дейді Сабина.    


Фото: AtyrauPress

Сонымен қатар, Сабина Мастерс жергілікті қазақ асханасы, оның ішінде, құрт пен бешбармақ қатты ұнағанын айтты. 

"Үйде бешбармақ дайындаймыз. Оны Англияда тұратын балаларым да жақсы көреді. Арасында шұбат, құрт, қымыз да сатып аламын. Қазақ асханасын жақсы көреміз", - дейді Сабина. 

Сабина Германияда туып-өскен, Ұлыбритания азаматы. Дәрігер мамандығы бойынша білім алған, Голландия мен Англиядағы университеттерде оқыған. Бірақ бұл салада көп қызмет етпеген, себебі күйеуінің қызметіне байланысты жиі көшіп жүрген. Олар Ұлыбритания, Ресей, Бруней, Сирияда тұрған, ал кейінгі 4 жылдан бері Қазақстанда.  

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

С. Сатыбалдина