Ақтөбеде картоп арзандаған. Бірақ тұрақтандыру қорынан келген көкөніске сұраныс аз. Тұрғындардың сөзінше, келісі 116 теңге тұратын картоп түгел шіріп кеткен, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "КТК" телеарнасына сілтеме жасап.
Ақтөбе облысы әкімдігіне қарасты әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы қорынан жеткізілген картоп сапасына тұрғындардан шағым көбейген. Олар сөрелерден іріктеп алғанның өзінде босаған көкөніс тамақ істеуге жарамайды деп отыр.
Келісі 116 теңге тұратын тұрақтындару қорының картобына ешкім жолай қоймаған. Амал жоқтан, қымбат болса да 400 теңгенің көкөнісін сатып алуға мәжбүр.
Корпорациядағылар аптасына супермаркеттерге 100 тонна арзан картоп жеткізіп отырмыз деп есеп берген. Шенеуніктер дүкен сөрелерінде шіріген картоп болғанын мойындайды. Оны дереу ауыстырамыз деп отыр.
"116 теңге, бұл - тұрақтандыру қорының өнімі. Оны қайтарып жатырмыз. Өзіміз де халықтың ішінен шықтық қой. Алдырып тастаймыз, ауыстырамыз", - деді Ақтөбе облысы ауыл шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Айбат Ербазиев.
Қазақстанның түрлі өңірлерінде картоп бағасы екі есеге дейін өсті. Ақтөбеде қаңтардың басында картоптың бір келісі 200 теңгеден асса, кейінгі аптада 388 теңгеге дейін көтерілді. Жетісуда баға 400 теңгеден асып кетті. Ең қымбат картоп Астанада сатылды, келісі - 455 теңге.
Кейінірек бұл мәселеге қатысты Үкімет мәлімдеме жасады.
Сауда және интеграция министрлігі де мәселе бақылауда екенін хабарлады.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз