Жаз жақындаса болды шіркейге таланатын Түркістан облысының тұрғындары биыл да ұсақ жәндіктің құрбаны болып жатыр. Себебі оңтүстікте он күннен бері күн жылып, Отырар, Арыс, аудандарын шіркей қаптаған. 10 жылдан бері көрген күніміз осы деген жұрт наразылық білдіріп жатыр. Massaget.kz тілшісі тұрғындармен тілдесіп көрді.
Тұрғындардың айтуынша, далаға шығу мүмкін болмай қалған.
"Далаға шығу мүмкін емес. Кішкентай немерелерімізге дейін есікті құлыптап отыратын болдық. Іштен адам шыға алмайды далаға, шықса баланың барлық денесін қып-қызыл жара басып кетеді. Сиыр сауып болғанша кәдімгі шиқан боламыз қып-қызыл. Аллергия деген өте қиын боп жатыр, аллергия беріп жатыр адамдарға", - дейді Түркістан облысының тұрғыны Жанат Нәденова.
Осы мәселеге байланысты брифинг өткізген жауаптылар биыл шіркеймен күреске бюджеттен 643 миллион теңге бөлінгенін айтады. Одан бөлек шыбын-шіркейдің таралу аймақтарын зерттеуге 40 миллион теңге жұмсалған. Бірақ бұған қарамастан қаптаған жәндік әлі де өріп жүр.
Шенділердің сөзінше, шіркейдің 80 пайызы ұрық кезінде жойылған. Қазір өріп жүргені содан аман қалған 20 пайызы екен. Олар күрес жұмыстары жүргізілмегенде қаптаған жәндік қарасы 4-5 есе көп болуы мүмкіндігін де жасырмайды. Биыл күрестің кеш басталғанын да айтқан атқамінерлер апта ішінде шіркейдің азаятынына үмітті. Ал шіркейге таланған ауылдағы ағайын ұйытқыған желге мәз. Әйтпесе құжынаған жәндік қайта қаптауы мүмкін.
Еске салайық, бұған дейін Түркістан облысында мал да, жан да шіркейге таланып жатқаны хабарланған болатын.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!