Шіріген алма, көгерген май: Ата-аналар балабақша меңгерушісінің қайтып келгеніне наразы

Шіріген алма, көгерген май: Ата-аналар балабақша меңгерушісінің қайтып келгеніне наразы
Фото: Massaget.kz/Нұрбол Ынтымақұлы

Алматыдағы №165 балабақшада бір жыл бұрын балаларға көгерген тағам берілгені анықталып, үлкен дау туындаған болатын. Басшы қызметінен кеткенімен, сот арқылы қайта орнына оралды. Алайда ата-аналар оның қайтып келуіне наразылық білдіріп, балалардың қауіпсіздігіне алаңдаушылық танытып отыр. Мәселенің мән-жайын Massaget.kz тілшісі анықтауға тырысты.

© Суретте: 165 балабақша / Нұрбол Ынтымақұлы

Алматы қаласының Алатау ауданындағы №165 балабақшада осыдан бір жыл бұрын үлкен жанжал орын алған болатын. Бұл жағдай балалардың денсаулығына қатысты мәселелерден басталды, ата-аналар балаларының іштері ауырғанын байқап, мектепке дейінгі мекеменің асханасын тексерген. Тексеру барысында бүлдіршіндерге көгерген май, шіріген алма және езіліп кеткен банан берілгені анықталды. Балабақшаның бұл жағдайы қоғамда үлкен наразылық тудырып, мәселе телеарналарда да көрсетілді. Осының салдарынан мекеме басшысы қызметінен босатылған болатын.

"Көп шу болды, сондықтан сізді орныңыздан босатамыз"

Бірақ бұл оқиға мұнымен аяқталған жоқ. Балабақша басшысы Светлана Исаева сотқа жүгініп, өзінің кінәсіз екенін дәлелдеп, қызметіне қайта оралуға мүмкіндік алған. Сот шешімі бойынша, ол кезде басшы біліктілікті арттыру курсында жүргенін және мекемедегі жағдайға қатысы жоқ екенін алға тартып отыр. Басшының айтуынша, даулы мәселелер кезінде оның орнын уақытша әдіскер атқарған.

"Біліктілікті арттыру біздің міндет. Мен жоқта басшылық қызметті әдіскер атқарды. Аталған жағдай да соның уақытында орын алды. Дегенмен білім бөлімі "көп шу болды, сондықтан сізді орныңыздан босатамыз" деп мені шығарып жіберді. Сотқа шағымдануға мәжбүр болдым. Ал әдіскерге келсек, сотқа дейін 6 баласы бар екен деп кешірім берді", – дейді Светлана Исаева.

"Бұл адамнан не күтуге болатынын білмейміз"

© Суретте: ата-ана Бүбіхан Маратқызы / Нұрбол Ынтымақұлы

Алайда ата-аналар сот шешімі мен басшының сөздеріне сенбейді. Олар балабақша меңгерушісінің қайтып келуіне наразы болып, балалардың қауіпсіздігіне алаңдап отыр. Ата-аналар басшының балаларға көгерген тамақ бергенін көргеннен кейін, оған сенім қалмағанын айтады. 

"Біз соттың шешіміне сенбейміз. Мүмкін болса, аппеляцияға немесе өзіміз арыз жазып, ата-аналар болып сотқа береміз. Бүлдіршіндерімізге алаңдаймыз. Бұл адамнан не күтуге болатынын білмейміз. Балаларымызға тағы да бірдеңе болса, кім жауап береді?", – дейді Бүбіхан Маратқызы.

"Сот шешімінен соң білім бөлімі 4 балабақша ұсынды"

Балабақша басшысы қызметіне қайта оралғаннан кейін оған басқа 4 балабақшада жұмыс істеу мүмкіндігі ұсынылған, бірақ ол №165 балабақшаға қайта оралуға шешім қабылдаған. Басшы басқа балабақшаға ауысса, оны қабылдамай қоюы мүмкін деп алаңдайтынын жеткізді.

"Сот шешімінен соң білім бөлімі 4 балабақша ұсынды. Десе де, осыдан бөлек балабақшаларға жұмысқа тұру үшін!жұмыстан шығу туралы арыз жазуым керек. Бұл жерден кетсем, басқа мекемеге орналаса алмай қаламын ба деп қорқамын. Сондықтан осындағы қызметімді қайта жалғастырып жатырмын. Зейнет жасына да 2 жыл қалды", – деп түсіндірді ол.

Алайда ата-аналар бұл шешімді күмәнмен қабылдады. Олардың пікірінше, басшы дәл осы балабақшаға әдейі келіп отыр, себебі ата-аналар мен ұжым оны қаламайды. Ата-аналар ұжым ішінде жайсыздықтың орын алғанын айтады. Олар басшының өз командасын әкелмек болғанын және бұл жағдайдың балабақшадағы жұмыс атмосферасына теріс әсер ететінін атап көрсетуде.

"Бізге қажетсіз даулар мен алауыздықтардан арылу керек. Балаларымыздың қауіпсіздігі мен тәрбиесі бірінші орында болуы тиіс, жақсы кадрлар жұмыстан басшы кесірінен кетпеу керек", – деді ата-аналардың бірі.

Осылайша, ұжымда тыныштық орнату қажеттілігі күн тәртібінде тұрған мәселелердің бірі болып отыр.

Аудандық білім бөлімі бұл жағдайға қатысты түсініктеме беруден бас тартып, қалалық білім бөліміне сілтеме жасады. 

Мәселеге қатысты Алматы қаласы білім бөліміне сұрау салдық, жауабын күтеміз.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Н. Ынтымақұлы