• 502.15
  • 490.7
  • 5.71

“Ішпей-жемей жинадық“. Бірнеше үйі бар жандар баспаналы болу құпиясын бөлісті

“Ішпей-жемей жинадық“. Бірнеше үйі бар жандар баспаналы болу құпиясын бөлісті
Фото: depositphotos.com

2025 жылдан бастап жаңа ипотекалық бағдарламалар іске қосылып жатыр. Бұл тағы бірнеше мың қазақстандықтың баспаналы болуына мүмкіндік бермек. Дегенмен елде бірнеше үйі бар адамдар да жетерлік. Қалай бір емес, төрт-бес жылжымайтын мүлікке қол жеткізуге болады? Massaget.kz тілшісі бірнеше үйі бар азаматтармен сұхбаттасып, олардың тәжірибесін бөлісті.

Елімізде жастарға да арналған ипотекалық бағдарламалар бар. Соның бірі - "Алматы жастары" бағдарламасы. Бір жарым жылда екі баспананың иесіне айналған алматылық Нұржан да алғашқы үйін осы бағдарлама арқылы алған.

"⁠Алғашқы үйімді 2023 жылы "Алматы жастары" бағдарламасы арқылы алдым. Әріптестерімнен осындай бағдарламаның бар екенін білген соң бірден үй алуға әрекет жасадым. Алдымен алғашқы жарнаға қаражат жинап, дайындалдым. Бағдарламаға өтінім қабылдау басталғанда, бірден өтініш тастап, үй алуға жолдау алғандардың қатарына іліктім. Бағдарлама бойынша үй іздеуге тура 45 күн беріледі, осы уақыт аралығында өзіме ұнаған үй тауып, жылжымайтын мүлік иесі атандым. Алайда "Алматы жастары" бағдарламасының пайызы төмен болғанымен, бюджеті де төмен. Ол ақшаға қаладан дұрыс үй табу қиын. Сондықтан бір бөлмелі пәтерде тұру қиындау болған соң бірден екінші үй алуға әрекеттендім. Сөйтіп былтыр тағы да ипотекаға, бірақ үйдің жарты ақшасын жинап 50/50 бағдарламасымен 2 бөлмелі пәтер алдым", - деді Нұржан.

Нұржан видеограф болып жұмыс істейді. Видео түсіріп, түрлі компанияларға қызмет көрсетеді. Ол баспана алу үшін айлық шығынын жауып тұратын және зейнетақы аударымдары түсіп тұратын тұрақты жұмысқа орналасқан. Сөйтіп видео түсіргеннен түсетін қосымша табысын үй алуға жинай берген. Осылайша, бір жылда үйдің жарты ақшасын тапқан.

"Негізі үй алу оңай, тек шыдамдылық таныту қажет. Қазір әлеуметтік желілерде бағдарламаларды түсіндіретін түрлі мамандар бар. Сондай кісілердің парақшасына жызылып, кеңес алу керек, сонда көп ақша үнемдеуге болады. ⁠Қазақстанда ипотекаға үй алу өте тиімді, өйткені елде инфляция деңгейі жоғары. Теңге жылдан жылға құнсызданып барады. Бірақ соқырлықпен емес, зерттеп, дайындалып алу керек", - деді ол.

Фото: depositphotos.com

"Жатпай-тұрмай жұмыс істеп, ақша жинадық"

Алматыда бірнеше үйі бар бақытты жанның бірі - аты-жөнін жасырын қалдыруды сұраған А. Кезекті кейіпкеріміздің мегаполисте 3 үйі бар. Үш бөлмелі 2 пәтер, екі бөлмелі 1 пәтер. А-ның бүгінде бірнеше пәтері болса да, ол күйеуімен алғаш отбасын құрған жылдары енесінің бір бөлмелі пәтерінде тұрған. 

"Алғашқы жылдары күйеуіммен енемнің бір бөлмелі пәтерінде тұрдық. Кейінірек пәтерді сатуға қойдық, оны сатып, 1996 жылы үстінен 4 мың АҚШ долларын қосып, 3 бөлмелі пәтер сатып алдық. Үш бөлмелі пәтерге көшкеннен кейін күйеуіммен жатпай-тұрмай жұмыс істеп, ақша жинап, Таугүл шағынауданынан жер алдық. Сөйтіп кейінгі 5 жылымызды сол жерден жеке үй салуға жұмсадық, бар қаражатымызды сонда құйдық. Біз ол жақтан мансарды бар бір қабатты жер үй салған едік, 2006 жылы үйдің бағасы өте қатты қымбаттап кетті. Содан Алла бұйыртып, сол үйді өте жақсы бағаға сата алдық. Одан түскен ақшаға екі ұлымызға бір 2 бөлмелі пәтер, бір 3 бөлмелі пәтер сатып алып қойдық. Осылайша, екінші және үшінші үйге ие болдық", - дейді ол.

А. жоғары оқу орнында мұғалім болып істейді, ал күйеуі полиция қызметкері болған. А-ның айтуынша, баспаналы болу жолында ең алдымен қаражатты дұрыс жинай білу керек.

"Мәселен, бірінші азын-аулақ ақша жинап, бір бөлмелі пәтер сатып аласың, кейінірек үстіне тағы ақша қосып, екі бөлмелі пәтер аласың, тағы ақша жинап, үш бөлмелі пәтер аласың. Өзім осылай істеген дұрыс деп ойлаймын. Ең алдымен ақша жинау қажет. Оған қоса, бүгінде ипотека, депозит деген дүние бар. Депозитке баспананың 20 пайызын құйып, ипотекалық бағдарлама арқылы төмен бағада үй сатып алуға болады. Содан ақша жинап, көбейтуге болады", - деді А.

А. үй алуға апаратын ең бірінші жол - ақша жинай білу деп санайды.

"Ақшаны бір-екі-үш жыл жинасаң да, жинау қажет. Қазір жастарға, көпбалалы отбасыларға, жалғызбасты аналарға ипотекалық бағдарлама көп. Сол бағдарламаның біріне қатысып, жинаған ақшасын алғашқы жарна ретінде құйса, баспаналы болуға болады деп ойлаймын. Мен ипотекаға жақсы қараймын, менің баспанасын ипотекаға алып, айына 150 мың теңге төлеп отырған танысым көп. Ешқандай қиындығы жоқ. Мәселен, отбасының айлық табысы 400 мың теңге болса, оның белгілі бір бөлігін ипотекаға төлеу қиын емес. Ипотекаға пәтер алып, үйлі болып отырған қазақстандық көп", - деді ол.

Фото: depositphotos.com

"Төртінші үйімді алуға дайындалып жүрмін"

Оңтүстік астанадан үш үйі бар тағы бір азаматша - Қымбат Ергенова. Оның бүгінде 3 үйі бар, біреуі екі қабатты жеке үй, ол онда отбасымен тұрады. Қалған екі үй көппәтерлі тұрғын үй кешенінде орналасқан. Қымбат кейінгі уақытта төртінші үй алуға әрекеттеніп жүр.

"Бүгінде қолымда азын-аулақ жиналған қаражат бар. Кейінгі жылдары басында үй болса да, үй алуға мүмкіндік беретін бірнеше бағдарлама пайда болды. Мен ақшаны жылжымайтын мүлікке жұмсауды жөн көремін, сондықтан еліміздегі тұрғын үй ипотекалық бағдарламаларын үнемі бақылап жүремін. Қазір үйді қай ауданнан, қай құрылыс компаниясынан алатынымды іздестіріп, қарап жүрмін", - деді ол.

Қымбат Ергенова алдымен бірінші үйін қалай алғанын айтып берді. 

"Мен ауылдағы 7-8 бөлмелі кең үйде туып-өскен адаммын. Мен үшін тұрмыс құрғаннан кейін бір бөлмелі жалдамалы пәтерде тұру өте қиын болды, үйімнің жоқтығынан 4 айлық тұңғышымды ауылға жіберіп, өз-өзіме "мейлінше жылдам үй алып, қызымды қолыма аламын" деп ант беріп, "әр баламның жеке бөлмесі болады" деп мақсат қойдым", - деді ол.

Ол пәтер жалдап, бар-жоғы бір жарым жыл ғана тұрған. Сөйтіп Алматының маңынан жер алып, жеке үй соққан.

"Ол уақытта жолдасым екеуміздің де табысымыз төмен болғандықтан, ақшаны жалдамалы пәтер иесіне бергенше, өз үйімізге жұмсайық деп, қарызданып-қауғаланып үш бөлмелі уақытша баспана соғамыз деп шештік. Үйдің құрылысы жүріп жатты, онымен қатар тағы пәтер сатып алудың әрекетін жасадым. Іздестіру арқылы "Жас отбасы" ипотекалық бағдарламасы туралы біліп, үй алуға кезекке тұрдым. Ол кезде үйлердің бағасы өте арзан еді, сөйтіп оған ақша жинап бастадым", - деді ол.

Фото: depositphotos.com

Қымбат Ергенова үй алу кезінде миллиондаған табысың болуы міндетті емесін айтады. Оның сөзінше, адамдар "бір бөлмелі пәтердің өзі бірнеше миллион тұрады, менде мұндай қаражат жоқ қой" деп ойлайды. Бұл дұрыс емес.

"Мен алғаш ипотекалық бағдарлама арқылы пәтер аламын деп ақша жинауға кіріскенде, банктегі менеджерлер айына 21500 теңгеден салып отыру қажетін есептеп берген болатын. Менде кішкентай қадам жасасам да, алатын баспанама жақындап жатырмын деген ой болды. Осылай жүріп 8 жылдың ішінде 8 миллион теңге жинап, бір бөлмелі пәтер алдым. Бағдарлама болған күннің өзінде, біз жиған-тергеніміздің бәрін ішпей-жемей жинай берген екенбіз. Біз өзіміз таңдаған пәтердің сомасын толық жинап қойғандықтан, менеджерлер банктен қарызды үйдің құрылысына алуға болатынын айтты, яғни бізде тағы 8 миллион теңге алуға мүмкіндік болды, бірақ мен оның бәрін емес, жылдық мөлшерлемесі төрт пайызбен 5 миллион теңге ғана алдым", - дейді ол.

Қымбат 2019 жылы екінші үйі - бір бөлмелі пәтердің кілтін алған.

"Менің өте жақсы қасиетімнің бірі - қарызды мейлінше жылдам төлеп тастауға тырысамын. Яғни несие болсын, ипотека болсын "10 жылға алдым, 10 жыл төлеймін" деген түсінік жоқ. Жанталасып жұмыс істеп, ай сайын артығымен құйып, уақытынан бұрын төлеп тастағанды ұнатамын. Сөйтіп ол несиені де 2 жылда жаптым. Кейінірек табысым айтарлықтай артқандықтан, әр баламның басында бір-бір үйден болса деген мақсат қойдым. Бірінші пәтер тұңғышыма аталғандықтан, екінші қызыма үй алуға әрекеттендім. Менің атымда бір емес екі үй болғандықтан, мемлекеттік бағдарламаны пайдаланып қойғандықтан, келесі пәтерді екінші дәрежелі банк арқылы Қазаншұңқырдан алуды шештім. Құны 15 миллион теңгелік бір бөлмелі пәтерді алуға алғашқы жарна ретінде ақша салып, қалғанын ипотекаға алдым. Пәтердің кілтін қолыма ала салысымен, тезірек құрылыс жұмыстарын аяқтап, жалдамалы пәтер ретінде беріп қойдым. Сөйтіп ипотекаға ай сайынғы төлем - 275 мың теңгенің жартысын айлығымнан, жартысын пәтерді жалдаушылардан алып отырдым. Оған қоса, қолыма түскен барлық ақшаны ипотекаға құйдым, осылайша, 12 жылға алынған ипотеканы бір жарым жылда бітірдім", - дейді ол.

Ол адамның қолында ақша тұрса, мақсатсыз жұмсала беретінін айтады.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Б. Жұмаділлә