Ауыр атлетикадан әлем чемпионатының күміс жүлдегері Алмас Өтешов "Уақыт көрсетеді" Youtube-жобасына берген сұхбатында анасына берген серті туралы сөз қозғады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Алмас Өтешов осы уақытқа дейін ішімдік оған ауырсынуды басатын дәрі болғанын алға тартты.
"Арақ деген бәле маған осы уақытқа дейін ауырсынуды басатын дәрі секілді болды. Ішіп жүрген адамдар біледі ғой, арақты ішсең, арқаңда қанат пайда болады. Оның қандай құдіреті бар екенін білмеймін, бірақ ішкенде "екі қойың бір сом" болады", - деді ол.
Спортшы анасына бұдан былай ішімдік ішпеуге уәде берген.
"АллаТағала мені енді мұндай жаман жолдан сақтасын. Өз-өзіме де, анама да, бауырларыма да бұдан кейін ішпек түгілі, қолыма да ұстамаймын деп сөз бердім. Биыл мүшел жасқа кірдім, анам да айтып жатыр, мен негізі ондайға сенбеймін, бірақ адамдар да дұрыс айтатын шығар, "37 жас - мүшел жасқа кірдің, ең қауіпті жас" деп айтып жатыр. Анам да "балам, тыныш жүрші, абайлап жүрші, тұла бойым тұңғышымсың, қой енді болды" деді, мен де анама уәдемді бердім. "Енді мені жаман жағынан көрмейсіз, сізді жылатпауға, адам болуға тырысамын, еліме, халқыма қызмет ететін жігіттің бірі боламын" деп серт бердім, енді сол сертімде тұруым керек", - деп ағынан жарылды спортшы.
Айта кетейік, спортшы бұған дейінгі сұхбатында өзіне қол жұмсамақ болғанын мойындаған еді.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
Б. Жұмаділлә