Шошқаға беретін дәрімен қойын емдеген шаруа 320 бас малын өлтіріп алды
Түркістан облысында шаруа бір күнде 320 бас малынан айырылды. Ол жануарларды емдемек болып, мал дәрігерлерік дәріханадан шетелдік препарат сатып алған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі otyrar.kz-ке сілтеме жасап.
Түркістан облысында 20 жылдан бері асыл тұқымды қой өсірумен айналысатын шаруа қожалығы бір күнде 300-ден астам малынан айырылып қалды. Іші өткен ұсақ малын емдеу үшін шаруа ветеринарға емес, Шымкенттегі дәріханаға барған. Шаруа сатушының шошқаға беретін "Аштил" ұнтағы ауру қойларға ем болады деген сөзіне сеніп, ұнтақты сатып алған.
"Сұйықтықтан қазіргі күні қайтып кетті бұл. Маған "Ұнтақ әрі арзан түседі, бір келісін 10 литр суға құясың да қойға 10 грамнан, қозыға 5 грамнан бересің" деді. Бұл қозы жас қой әлі деп едім, "онда 3 грамм сал" деді. Сонымен 700 бас қойым аналық бас, 500 қозыға салдым, 7-ден бастадым, 10-да біттім дәрілеп бәрін. Кешкі 10-нан кейін тоқтамай өле бастады. Қарындары кебеді, болды, ештеңеге көнбейді, топ-топ әр жерде өле бастады", - дейді шаруа қожалықтың иесі Самат Кәдіров,.
Осылайша, шаруа бір түннің ішінде миллиондап шығынға батты. Ал аман қалған қойлардың да сілекейі шұбырып, жем жеуден қалыпты.
Ұсақ малынан айырылған шаруа полиция мен ветеринарларды шақыртыпты. Алайда ветериналарлар ештеңе істей алмайтынын айтқан көрінеді.
"Сол дәріден болған, бұл шошқа мен тауыққа арналған деп бәрі айтты. Бұны екі еселік дозадан болған бұл, ішін күйдіріп жіберді, "Ойбай, бәрін реттейміз" деп бәрін тушасын алды да кетті, содан бізден ешқандай сол дәріден өлді деген экспертиза дәлелдей алмаймыз деп бәрі жоқ болды", - дейді Самат Кәдіров.
Шаруа Шымкенттегі ветеринариялық дәріханаға барғанда сатушылар кәсіпкермен дауласып, жауап беруден бас тартқан. Ал малдың өлігін зертханада тексеріп жатқан мамандар "Кәсіпкердің ветеринарға емес, сатушыға жүгінгені қателік болды" деп отыр.
"Біз тарапымыздан лабороториядан энтеротоксимия жұқпалы ауруға тексеруге жібердік. Ол 9 күнде оның нәтижесі келеді", - дейді Түркістан облыстық ветеринария қызметі басшысының орынбасары Әлмет Оразбеков.
Шаруа енді сараптаманың нәтижесін күтіп отыр. Егер 320 бас қойдың расымен дәріден өлгені анықталса, шығынын сот арқылы өндіріп алуға ниетті.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
М. Лұқпан