“Шошқа терісінен жасалған аяқ-киімнен сақ болыңыз“. Етікші Самғау Нәсіпханұлынан кеңес

“Шошқа терісінен жасалған аяқ-киімнен сақ болыңыз“. Етікші Самғау Нәсіпханұлынан кеңес
Фото: Коллаж: depositphoto.com, жеке мұрағат

Күз бен қыс мезгілдерінде аяқкиім таңдау Қазақстанның қатал климатында аса маңызды. Қате таңдалған аяқкиім аяқты суытып, ылғалдандырып, денсаулыққа зиян тигізуі мүмкін. Тәжірибелі аяқкиім шебері, Самғау Нәсіпханұлы осы салада 13 жылдан астам уақыт қызмет етіп келеді. Ол Massaget.kz тілшісіне аяқкиімді таңдаудағы өзінің кеңестерін ұсынды.

"Аяқкиімнің қонышы тобықтан жоғары болуы керек"

Самғау ағамыз ел климатына сай күзгі және қыстық аяқкиім таңдаудағы негізгі талаптарды атап өтті.

"Қазақстанның суық әрі ылғалды ауа райында ең алдымен табанның таймау қасиеті маңызды. Қалың резеңкеден жасалған, терең табан өрнегі бар аяқкиімдер құлап қалудың алдын алады. Сондай-ақ аяқкиімнің қонышы тобықтан жоғары болуы керек, бұл ылғал мен суықты өткізбеу үшін қажет. Аяқкиімнің бас жағы қатты және су өтпейтін материалдан болса, бұл оның ұзақ уақытқа жарамды болуына әсер етеді", - дейді шебер.

Фото: Жеке архив

Самғау Нәсіпханұлы қарапайым да болса негізгі қағида аяқкиімді таңдар алдында адам оны қайда киетінін анықтауы қажет екенін жеткізді.

"Далада көп уақыт жүретін болса, аяқкиім жылуды жақсы сақтауы тиіс. Ал егер адам көлікпен жүретін болса, жеңіл және ыңғайлы аяқкиім таңдау жеткілікті", - дейді ол.

"Шошқа терісінен жасалған өнімдерден аулақ болу - денсаулыққа пайдалы"

Фото: Жеке архив


"Сапалы аяқкиім ең алдымен табиғи теріден жасалуы керек. Табиғи тері аяқтың дем алуына мүмкіндік беріп, суық пен ылғалдан қорғап, ұзақмерзімді қолдануды қамтамасыз етеді. Самғау Нәсіпханұлы Ресей мен Түркиядан келген аяқкиімдердің кейбірінде сапалы терілер қолданылатынын айтады. Бірақ аяқкиімдердің арасында шошқа терісі пайдаланылатын түрлері де бар. Шошқа терісінен жасалған аяқкиім белгілі бір микробтарды ұзақ сақтай алады, олардан құтылу қиын болуы мүмкін. Бұл мәселе кеңес әскерінде офицерлік аяқкиімдерде шошқа терісі қолданылған кезде жиі байқалған. Сондықтан шошқа терісінен жасалған өнімдерден аулақ болу - денсаулыққа пайдалы", - дейді Самғау Нәсіпханұлы

"Шошқа терісін оңай анықтауға болады"

Фото: depositphotos.com

Етікші шошқа терісін оңай тануға болатынын жеткізді. Оның сөзінше бұл материалды көбіне ресейлік өндірушілер қолданады екен.

"Шошқаның терісін бетіндегі өрнегінен тануға болады. Теріні қолға алып, жақыннан қарасаңыз, үш тесіктің бірге орналасқанын байқайсыз. Салмағы жеңіл, әрі жұқа болып келеді. Өкінішке орай кейбір ресейлік өндірушілер шошқа терісін қолданады. Діни тұрғыда осы жануардың терісінен жасалған бұйымды киюге тыйым салынған. Ғылыми тұрғыда да зиянын тізбегтеуге болады. Шошқа лас ортада жүреді. Оның терісі виусты сақтау қасиетіне ие. Тіпті оны тазартып, өңдеген күннің өзінде, бір рет аяғыңызға вирус жұқтырсаңыз, бұл соны өзіне тартып, сақтап қалады. Аяқтың жағымсыз иісі, түрлі аурулардың себепкері осы", - дейді Самғау.

ҚМДБ Халал стандарттау бөлімінің баспасөз қызметі бұйым жасалған материалға аса мән беру керек екенін жеткізді.

 Алла Тағала қасиетті Құранда: "Сендерге арам өлген мал, қан, доңыз еті және Алладан басқаның атымен сойылған малдың еті харам етілді" (Әль-Мәида 5:3) Ең бастысы, тері өнімін сатып алардың алдында тексеріп, мұқият қадағалаңыз. Өнімнің шариғат бойынша рұқсат етілген немесе рұқсат етілмеген малдың терісінен жасалғандығына аса мән бергеніміз жөн. Күмәнді жағдайда, сатып алмағаныңыз абзалырақ, - делінген хабарламада.

"Батареяға қойып кептіру - теріні қатайтып, оның құрылымын бұзуы мүмкін"

Фото: Жеке архив

Ол табиғи материалдағы аяқкиімге қажетті деңгейде күтім жасап тұру арқылы оның қызмет уақытын арттыруға болатынын жеткізді. 

"Табиғи теріден жасалған аяқкиімнің ұзақ уақытқа жарамды болуы үшін оған дұрыс күтім қажет. Аяқкиімді тазалау үшін арнайы тері күтіміне арналған құралдарды пайдаланған құба-құп. Аяқкиімді таза, құрғақ шүберекпен сүртіп, теріге арналған крем немесе маймен өңдеу оның икемділігін сақтайды. Сонымен қатар аяқкиімді дұрыс кептіру қажет. Батареяға қойып кептіру - теріні қатайтып, оның құрылымын бұзуы мүмкін. Сондықтан аяқкиімді табиғи түрде бөлме температурасында кептіруді ұсынамын", - дейді ағамыз.

Күз бен қыс мезгілінде аяқкиім таңдауда оның материалына, табанына, ішкі жылу оқшаулауына ерекше назар аудару қажет. Табиғи теріден жасалған сапалы аяқкиім тек ыңғайлы ғана емес, денсаулыққа да пайдалы. 

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Н. Ынтымақұлы