Жамбыл облысында тұрғын дүниеге келгенін ресми түрде сот арқылы дәлелдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Жамбыл облысы Сарысу ауданының 26 жастағы тұрғыны сотқа заң жүзінде өзінің дүниеге келгенін ресми растау туралы өтінішпен жүгінген.
Сотқа жүгінген адам 1998 жылы 6 ақпанда шопандар отбасында дүниеге келген. Анасы оны үйде босанған, сондықтан дәрігерге жүгінбеген, туу туралы куәлік алмаған.
"Анасы медициналық мекемеде босанбағандықтан, ол АХАЖ органдарына тіркелмеген және ешқашан құжаты толтырылмаған. "Азаматтарға арналған үкімет" КЕАҚ-ы медициналық ұйымнан туу туралы құжат болмауына байланысты тіркеуден бас тартқан, өтініш иесі бұл жайтты тек сот шешімімен анықтай алатыны көрсетілген", - деп жазылған Жоғарғы сот хабарламасында.
Ауылдық округ әкімі өтініш берушінің жеке басын анықтау жөніндегі комиссия құрып, оның жасын анықтау үшін сот-медициналық сараптамаға жіберген. Қорытындыға сәйкес, арыз берушінің физикалық дамуы 24-25 жасқа сәйкес келеді. Сотта арыз берушінің дүниеге келгенін растайтын дәлелдемелер, оның ішінде профилактикалық екпелердің медициналық картасы, мектептен анықтама, ауылдық округ әкімі аппаратының үй шаруашылық есепке алу дәптерінің мәліметтері көрсетілген хаты қаралған. Сонымен қатар сотта куәлерден, анасы босанған кезде қатысқан адамдардан жауап алынған.
Сот сенімді дәлелдер негізінде арыз берушінің шағымын растады. Шешім заңды күшіне енген жоқ.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!