- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Шөл даладағы жаңа...
Шөл даладағы жаңа жылдық ертегі
"Астана Опера" алғаш рет Дубайда өнер көрсетеді. Қазақстандық труппаның гастролі 13-17 желтоқсан аралығында әйгілі "Дубай Опера" сахнасында өтеді. Бағдарламаға Г.Ф.Гендельдің "Мессия" ораториясы мен П.И.Чайковскийдің "Щелкунчик" балеті енді.
– 2023 жылға шағын қорытынды жасайтын болсақ, балет труппамыз аңызға айналған Абай атындағы театр сахнасында табысты өнер көрсетті, сондай-ақ 71-ші жазғы Любляна фестивалі аясында Словенияға гастрольмен барды деп айта аламын. Сан алуан репертуарымыз Иржи Килианның "Кіші өлім" және Герман Левенскольдтың "Сильфида" балеттері тәрізді премьералық спектакльдермен толықты. "Дубай Опера" сахнасындағы өнер көрсету өтіп бара жатқан жылды түйіндейді. Қазақстандық балет өнерін осынау керемет сахнада таныстыру – біз үшін үлкен қуаныш. Бұл гастрольдің әртістерімізге шабыт сыйлап, жаңа жобаларды құлшыныспен орындауға серпін беретініне сенімдімін, – деп атап өтті "Астана Опера" директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ғалым Ахмедьяров.
"Дубай Опера" өз сахнасында "Астана Опера" әртістерін қабылдауға барынша дайындалуда. Біріккен Араб Әмірліктеріндегі "Дубай Опера" жетекші орындаушылық өнер орталығы мәдени сан алуандылықты қолдай отырып, әлемге есігін ашады. Орталық 2016 жылғы ашылу сәтінен бері озық спектакльдер мен концерттерді ұсынып келеді.
Сонымен, гастроль бағдарламасын "Дубай Операның" ұсынысы бойынша 13 желтоқсанда Г.Ф.Гендельдің "Мессия" ораториясы ашады. Осынау әйгілі туындыны "Астана Опера" Симфониялық оркестрі мен құрамына Біріккен Араб Әмірліктерінің әр қиырынан дарынды әртістер енген Dubai Festival Chorus шығармашылық ұжымы бірлесіп орындайтынын атап өтуіміз қажет, осылайша бұл Қазақстан мен БАӘ ұжымдарының біріккен жобасы болмақ. Концерт дирижері – дубайлық маэстро Роб Джонстон.
Ал 15, 16 және 17 желтоқсанда дубайлық көрермендердің назарына "Астана Опера" балет труппасы біртуар хореограф Ю.Н. Григоровичтің қойылымындағы П.И.Чайковскийдің "Щелкунчик" ғажайып балетін ұсынады. Өнер көрсету күндері Маридің партиясын балет сахнасының шеберлері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Айгерім Бекетаева, Мәдина Өнербаева және солист Шұғыла Әдепхан таныстырады, ал Щелкунчик-Ханзаданың партиясын театрдың жетекші солистері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері атақты Бақтияр Адамжан мен Еркін Рахматуллаев орындайды. Түрлі күндері симфониялық оркестрге Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдин мен италиялық маэстро Джузеппе Акуавива жетекшілік етеді.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
С. Сатыбалдина