Қарағанды облысында ТБК салу қорғасын экспортын арттырады, деп хабарлады «Самұрық-Қазына» қорының басшысы Өмірзақ Шөкеев Қарағанды облысында «Тау-Кен Самұрық» кәсіпорындарының қызметкерлерімен кездесу барысында.
Ө. Шөкеев Қарағанды облысындағы Алайғыр кен орнында болып, жылына 900 мың кен өңдейтін, соның ішінде 60 мың тонна қорғасын өндіретін кен байыту комбинатының құрылыс жобасымен танысты. Жобаның жалпы құны - 238,5 млн АҚШ доллары.
«Бұл жоба іске қосылса, Қарағанды облысында 550 адамға жұмыс орнын ашуға мүмкіндік туады. Жоба аясында өңірдің әлеуметтік-экономикалық инфрақұрылымына салынатын жалпы қаражат 180 млн теңгені құрамақ», - деп атап өтті Ө.Шөкеев.
Жобада қорғасын өңдеуде цианидсіз байыту технологиясы қолданылатын инновациялық шешімдер іске асырылады. Оңтайлы техникалық-экономикалық көрсеткіштерге қол жеткізу үшін әлемдік өндірушліердің қазіргі заманғы құрал-жабдықтары пайдаланылатын болады. Жоба қорғасын экспортын ұлғайтуға бағытталған, деп жазады primeminister.kz.
Қордың мәліметінше, жоба аясында біраз жұмыстар атқарылды: 22 шақырымдық жол салынды, 56,8 мың тонна қорғасын концентратын немесе 32,5 мың тонна қорғасын және 12,7 тонна күміс байытуға болатын технология таңдап алынды. Тау-кен жұмыстарының дайындығы жүргізіліп, JORC халықаралық классификациясы бойынша қор бағаланды, байыту фабрикасы мен инфрақұрылымның жобасы жасалды.
Дереккөз: primeminister.kz