Төтенше жағдай министрі Сырым Шәріпханов "Майқайың алтын" АҚ-ға тиесілі шахтаға құлаған автобусты шығарып алу оңай емес екенін, бірақ тиісті жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Апат Павлодар облысы Баянауыл ауданы Майқайың кентінде болған. Оқиға салдарынан 2 құтқарушы көз жұмды. 2 адам әлі табылмады.
"Шынында да, қиын жағдай. Кенішке құлаған автобусты шығаруға оңайға соқпайды. Оның астында бос кеңістік бар. Біз барлық бөлімшені жұмылдырдық. Автобус қайда екенін анықтау және ол шұңқырға тағы құлап кетпеуі үшін кенішті геологиялық сканерлеуден өткіздік", - деді министр Үкіметтің баспасөз орталығында.
Оның айтуынша, қазір кеніште ауыр техника жұмыс істеп жатыр.
"(Топырақтың астында қалған - еск.) автобусқа шамамен 5 метр қалды. Оған біртіндеп жету керек. Жұмыс барысында құтқарушылар мен мамандарға қауіп төнбеуі шарт. Бұл жұмысты жүргізу оңай емес. Қазір нақты күн мен сағат туралы айту әлі ерте. Олар геологиялық сканерлеу жүргізу үшін жұмысты тоқтатын кездер болады. Біз ең бастысы жұмысты тоқтатпаймыз. Автобуста қалған 2 адамды: 1 жүргізуші мен 1 құтқарушы алып шығуымыз керек", - деді Сырым Шәріпханов.
Ол бұрын Қазақстанда мұндай жағдай болмағанын мәлімдеді.
"Сондықтан біз әлемдік тәжірибені зерттеп жатырмыз. Мұнда топырақты қазып, автобусты алып шығу керек. Бұл жағдайда экскаватор мен басқа техника керек. Қазір (басқа елдерден көмек сұраудың - еск.) қажеті жоқ. Онда жеткілікті адам мен техника жұмыс істеп жатыр", - деді министр.
Еске салайық, 4 қаңтарда сағат 01:25 шамасында Баянауыл ауданындағы "Майқайыңзолото" АҚ аумағында, Майқайың кеніші шахтасының маңында төрт жолаушысы бар автобус тазарту кеңістігіне құлап кетті. Автобустың ішінде төрт адам болды: кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтері республикалық орталық штабы Павлодар филиалының үш құтқарушысы және бір жүргізуші. Шахтадан 33 жұмысшы эвакуацияланды.
Аяз Есен
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!