Түркістан облысында жол бойында көліктен шыққан өрт дер кезінде ауыздықталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Шымкент - Самара бағытындағы республикалық маңызы бар тасжолда қызмет атқарып жүрген Түркістан облысы патрульдік полиция батальонының қызметкерлері жол жиегіне тоқтаған Volkswagen Golf көлігінен түтін шығып, өрт басталғанын байқаған.
Көлік ішінде жүргізуші әйел мен оның құрбысы болған. Алдын ала мәлімет бойынша көліктің электр жүйесінде ақау туындап, салдарынан өрт шыққан.
Тәртіп сақшылары арнайы өрт сөндіру құралдарын пайдаланып, жалынды қысқа уақыт ішінде ауыздықтады. Оларға жолдағы өзге жүргізушілер де көмектескен.
"Жедел әрі үйлесімді әрекет нәтижесінде өрт көлікке және оның маңындағы аумаққа таралуына жол берілмеді. Оқиға салдарынан ешкім зардап шеккен жоқ", - деді ІІМ өкілдері.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
Ж. Қадыржанова