Кейінгі кезде имамдарға қатысты даулы оқиғалар жиілеп кетті. Massaget.kz тілшісі кейбір оқиғаларға шолу жасады.
Жуырда желіде Қостанай облысының бас имамы Бурабайда көлікті мас күйде жүргізіп, жол ережесін бұзғаны үшін ұсталды деген ақпарат тарады. Кейін ақпаратқа Қазақстан ұсылмандары діни басқармасы пікір білдірді.
"Діни басқарманың қызмет жүйесінде заң нормаларын және дін қызметкер этикасын өрескел бұзатын жеке тұлғалардың діни салада жұмыс істеуіне моральдық тұрғыдан құқығы жоқ. ҚМДБ дін қызметкеріне лайықсыз әрекет жасаған Бахытбек Тәжімбетті Қостанай облысының бас имамы қызметінен босатты", - деп үн қатты басқарма.
Имам 15 тәулікке қамауға алынып, 7 жылға көлік тізгіндеу құқығынан айырылды.
Әлеуметтік желіде тараздық имамның садақадан түскен қаражатқа қымбат көлік сатып алғаны туралы ақпарат та тараған еді.
ҚМДБ өкілдері желіде тараған видеодағы діни қызметкер "Әл-Әділ" мешітінің имамы екенін растады. Дегенмен "көлік оған тиесілі емес" деп мәлімдеме жасады.
"Рамазан қайырымдылық айы болғандықтан, еліміздегі барлық мешітте қайырымдылық іс-шаралары ұйымдастырылады. "Әл-Әділ" мешітінің имамы жамағатпен бірге қайырымдылық шарасын өткізу барысында осы видеоны әлдебіреулер сыртынан түсіріп алған. Видеодағы Lexus маркалы автокөлік мешітке келуші азаматқа тиесілі екені анықталды", - деп жазылған хабарламада.
Telegram арналардың бірінде Түркістан облысында жалған имам дұғаларды жаттамаған балаларды шыбықпен ұрып-соққаны туралы ақпарат тарады. Мәліметтерге сүйенсек, Сарыағашта 39 жастағы жергілікті тұрғын үйінде медресе ашып, балаларға діни дәріс берген. Медреседе кемі 19-ға жуық бала оқыған.
"2024 жылыы 30 қаңтарда полиция қызметкерлері Сарыағашта ер адам 2023 жылғы наурыздан бастап кәмелетке толмағандарға діни сипаттағы сабақтар өткізгенін анықтады. Одан әрі тексеру барысында заңсыз оқу орнында оқушыларды ұрып-соғу әрекеттері болғаны, балаларда дене жарақаттарының іздері анықталды", - деп жауап берді полицейлер.
Сарыағаш ауданының полиция бөлімі ер адамға қатысты қылмыстық іс қозғады.
Салтанат Нүкенованың өлімінен кейін олардың некесіне қатысты да сауал көбейді. Өйткені олар заңды некеде тұрмаған. Қазақстанда мешіттерде неке қиылар алдында Азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінде тіркелгенін растайтын куәлік талап етілуі қажет.
Қоғамдағы даудан кейін Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының өкілі Қуандық Бишімбаев пен Салтанат Нүкенованың некесіне қатысты мәлімдеме жасады.
"2022 жылы 17 қазанда Астана қаласындағы республикалық бас мешітте Қуандық Бишімбаев пен Салтанат Нүкенованың өз өтініштері бойынша куәгерлердің қатысуымен болашақ ерлі-зайыптының некесі қиылған. Екеуінен және олардың туыстарынан АХАТ бөліміне тіркелгенін растайтын куәлік талап етілгенде, "жасалу үстінде" деп жауап берген. Сонымен қатар, дәстүрге сай екі жақтың ата-аналарының батасы мен рұқсатын алғанын айтып, салт-дәстүр жолымен некелерін қиып беруін өтінген. Бишімбаев пен Нүкеновадан АХАТ бөліміне тіркелгенін растайтын куәлікті табанды түрде талап етпеген, яғни ҚМДБ-ның ішкі жұмыс тәртібін бұзған республикалық бас мешіт имамы Қ.Қыдырминге тәртіптік шара қолданылып, ескерту жасалды", - деп хабарлады сол кезде ҚМДБ.
Жуырда танымал әнші Абай Бегейдің 16 жастағы қызы да тұрмысқа шықты. Сымбат Абайқызы Instagram парақшасында мешіттің алдында түскен сурет жариялап, "неке қиған күнімізден естелік" деген жазба қалдырды.
Маңғыстау облысының бас имамы осы жайтқа пікір білдірді.
"Мешітте некелері қиылмаған. Тек фотосессия жасаған", - деп жауап берді имам Ануарбек Елжанов.
Қазір елімізде имамдарға қойылатын талап, оларға қатысты даулы оқиғалар, мешітте қиылған мұсылмандық неке, садақа қайда жұмсалатыны, т.с.с. мәселелер жиі талқыланады.
Massaget.kz Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасына қоғамды толғандырған ең қызық әрі ең маңызды мәселелерге орай ресми сауал жолдады. Басқарма өкілдері алдағы уақытта жауап берілетініне сендірді.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!