Алматы облысындағы Қарғалы ауылында отыз жылдан бері мәдениет үйі салынбай келеді. Осы уақыт аралығында ауыл халқы үш есеге өсіп, саны 30 мыңнан асты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Өткен ғасырдың 80-жылдары Қарғалы шұға комбинаты маңынан кинотеатр салына бастаған. Бірақ ел Тәуелсіздік алған соң құрылысы тоқтап, ғимарат бітпей қалған. Жан-жағы қоршалмай, қараусыз қалғандықтан қаңыраған нысанға қаңғыбастыр жиналып, ішімдік ішетін орынға айналыпты. Айналасы толған қоқыс. Ішіндегі қабырғалары бұзылып, кірпіштері ұрланған.
"Осы ауылда бала кезімнен тұрамын. Қарғалы шұға комбинатында көп жыл еңбек еттім. Комбинат жанынан кинотеатр салына бастағанда қатты қуандық. Өйткені ауылымызда кешке демалуға баратын бір де бір мәдени, рухани нысан жоқ. Бірақ ол салынбай қалды. Өкінішті, әрине. Қазір, мұның ішіне жастар жиналып, ойына келгенін істейді. Араққұмар еркектер жиналып, ішімдікке сылқиып жатады. Бір кездері нашақорлар да болған. Күнде осы маңнан оқушылар өтеді. Қауіпсіздікті кім ойлап жатыр? Ауылымызда он шақты әкім ауысты. Бірақ бірде бірі "осы ғимаратты жөндейін, қалыпқа келтірейін" деп ойламаған сияқты", - дейді ауыл тұрғыны Ольга Петрова.
Ауыл әкімі Қуаныш Наметовтың айтуынша, ескі ғимарат жеке меншік иелігінде. Ал иелері нысанды жөндегілері келмейді. Ауылда мәдениет үйін салуға таптырмас орын - осы.
"Бұл нысан бойынша меншік иелерімен сөйлескенбіз. Олар салынып бітпеген кинотеатрды сатқылары келетінін айтты. Бірақ бағысы тым қымбат. Қателеспесем оны шамамен 150 мың АҚШ долларына бағалады. Біз жарамдылық жөнінде мемелкеттік сараптама құжатын сұрадық. Олар ешқандай дәлелді құжат көрсетпеді. Содан кейін келіссөз тоқтады", - дейді ауыл әкімі.
Әкімнің айтуынша, Қарғалыда Мәдениет үйі салынар күн алыс емес. Биыл оның жобалық сметалық құжаттары толық әзірленіпті. Құрылысқа қажет жер бөлінген. Енді тек бюджеттен қаражат бөлінуі керек.
Саламат Сабыр
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!