Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева қазақстандықтардың 95,4 пайызы отбасылық қарым-қатынасқа қанағаттанынын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2023 жылы 2022 жылмен салыстырғанда неке саны 5,9 пайызға, ал ажырасу 5,3%-ға азайған. Ажырасудың негізгі себептері – алкоголизм, ерлі-зайыптылардың біреуінің нашақорлығы – 61,7%, тұрмыстағы зорлық-зомбылық – 51,1%, опасыздық – 47%, лудомания – 38,4%.
"Зерттеулерге сәйкес, қазақстандықтардың 20%-ы үшін ажырасудың негізгі себебі – бала сүйе алмау, әрбір алтыншы отбасы мұндай жағдайға тап болады екен. Ұлттық комиссия балалар мен жастарды рухани-адамгершілік құндылықтарына тәрбиелеу мәселелері бойынша ведомствоаралық байланысты қамтамасыз етеді", - дейді Балаева Үкімет сағатында.
Балаева қазақстандық отбасындағы бала тәрбиелеудегі басты құндылықтарды атады. Олар еңбексүйгіштік (33,8%), өзін-өзі құрметтеу (31,8%), адалдық (31,7%), үлкенге құрмет (25,3%), айналасындағыларға құрмет (16,6%) болып саналады.
"Бұл ретте отбасы құндылықтарын нығайтуда ақпараттық саясаттың маңызы зор. Министрлік бұқаралық ақпарат құралдарында және интернет-ресурстарда баспа, аудио, бейне, цифрлық материалдар өндірісін тұрақты негізде қамтамасыз етіп келеді. Бағдарламаларда қоғамның ең өзекті тақырыптары, оның ішінде отбасы құндылықтары, көне және жаңа дәстүрлер, тұрмыстық зорлық-зомбылық, бала тәрбиесі, отбасы және демография секілді тақырыптар жиі жария етілді. Атап айтсақ, жалпы, есепті кезеңде БАҚ-та 4106 материал жарияланды. Оның 504-і республикалық БАҚ-та, 1527-і облыстық БАҚ-та, интернет-ресурстарда – 2 075. Әлеуметтік желіде 3 671 мазмұнды жазба оқырманға жетті", - деді Аида Балаева.
Жасұлан Ордабаев
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!