1 шілдедегі жағдай бойынша халық саны 19 899 377 адам болды, оның ішінде 12 317 671 адам - қала, 7 581 706 адам - ауыл тұрғындары, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Ұлттық статистика бюросы деректеріне сілтеме жасап.
Сонымен қатар, 48,8 пайызы ерлер, 51,2 пайызы әйелдер болды.
Бірінші жартыжылдықта Қазақстанда 189,5 мың бала дүниеге келсе, оның 98 мыңы - ұл, 91,5 мыңы - қыз. Ең жоғары туу көрсеткіші Маңғыстау (1000 тұрғынға шаққанда 25,97 адам), Түркістан (25,46) облыстарында және Шымкент қаласында (24,70) тіркелді.
Бұл кезеңде қайтыс болғандар саны 63,6 мың адам болған, ал 1000 адамға шаққандағы өлім-жітім коэффициенті - 6,44 адам. Осылайша, жарты жылда халықтың табиғи өсімі 125,9 мың адамға жетті.
Өлім-жітімнің ең жоғары көрсеткіші Шығыс Қазақстан (1000 тұрғынға 11,07), Солтүстік Қазақстан (11,06) және Қостанай облыстарында (10,04) байқалды, бұл осы өңірлер халқының жас құрылымымен байланысты.
Биылғы алғашқы алты ай ішінде 1 жасқа дейінгі 1454 нәресте шетінеп кеткен.
Бұл мерзімде 53,8 мың неке тіркелді. Некелесу коэффиценті 1000 адамға шаққанда 5,46 болды. Сондай-ақ, осы кезеңде 8,1 мың неке бұзылды (АХАЖ деректері бойынша, некені бұзу туралы сот шешімін есепке алмағанда). Ажырасу көрсеткіші 1000 адамға шаққанда 0,83 болды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!