ШҚО тұрғыны пони асырап, пайда көріп отыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Жануардың егесі Екатерина Худякованың сөзінше, бағып отырған екі пони аязға төзімді, мінезді, жем-шөпті талғамай жейді.
Кейіпкеріміз алғашында фармацевт болып жұмыс істеп, біртіндеп ат туризмі бойынша еңбектенді. Бірақ кейінірек бағытын өзгертуге тура келді. Ата-аналар хабарласып, балаларын понимен серуендеу кезегіне жазып қоюды сұрай бастаған.
«Осылайша салт ат міну үйірмесін аштық. Балалармен жұмыс істеу керек болғандықтан, нақты неден бастау қажеттігін білген абзал. Осы ретте сырттай оқып жүріп, ат спорты бойынша жаттықтырушы сертификатын алдым. Сосын иппотерапиядан жаттықтырушы-кеңесші сертификатына да ие болдым», – деді ол.
Аз уақыттан соң жастарға арналған «Тәуелсіздік ұрпақтары» атты бағдарлама барын естіп, өзін жаңа бағытта сынап көргісі келді. Нақты айтқанда, жегілген понимен серуендеу.
«Пониді таңдау себебім, ол балалар үшін біршама қауіпсіз. Негізгі мақсатым – атқа мініп көрмеген бүлдіршіндерді қамту еді. Қазір телефонға телміріп, артық салмақ жинап алған балалар көбейіп барады. Кейбірі аттың не екенін білмейді», – деді Екатерина Худякова.
Жоғарыда аталған бағдарлама бойынша 3 млн теңге грант ұтқан. Оның шартына пониге керек ат әбзелдері мен жануарды таситын арнайы көлік сатып алу кіреді. Себебі, түрлі жарыстар бойынша Өскеменге шығып тұрады. Одан бөлек, өңірдегі туризмді дамыту жағы кейіпкеріміздің жоспарында бар. Ендігі күтіп отырғаны, қосымша әбзелдердің жасалып бітуі. Балалар тізімі дайын, понилер де күйлі. Ал қазір салт атпен тұрақты түрде серуендеп жүрген 13 бала бар. Сонымен қатар екі ересек адам ниет білдірген.
Екатерина Худякова біріне Маша, ала түстісіне Саша деп лақап ат беріпті. Бүлдіршіндер келген бойда Машаны сипап, жанынан шыққылары жоқ. Саша буаз, көктемде төлдейтін көрінеді. Одан бөлек, тұрпатты, түрлі жарыстарға арналған бес аты бар. Ал пониге мініп серуендеушілерді Риддер іргесіндегі алаңға апарады.
«Бұл жақтың қысы қатты. Бірақ понилер аязға да, аптапқа да төзімді. Жем-шөпті талғамай жейді. Балалар жақындаса жуас, бірақ бойы биік аттар құлағын жымырайтса, олар да мінез көрсетеді. Мал азығын дайындарда дәрумендер қосамыз. Мұны иппотерапия деп айтуға келмейді. Онда салт ат мінген адам жануардан энергия алып, денесі қозғалысқа түседі. Ал біздің әрекет – балаларды белсенді өмірге тарту. Ат ерттеп үйренудің өзі көп-көрім жаттығу», – деді ол.
Екатерина Худякова баса айтты, понилерді көбейту жоспарында жоқ. Осы қос жануармен балаларды серуендетіп, тиісті ақысын алады.
Асыл Бигелді
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!