ШҚО тұрғыны марихуананы тамағына қосып қолданған

Шығыс Қазақстан облысында тұрғыннан 4 келіден аса марихуана тәркіленді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Шемонаиха ауданында есірткіні аса ірі мөлшерде заңсыз сақтау дерегі анықталды. 31 жастағы жергілікті тұрғын бірнеше ай бойы жабайы қарасора жинаумен айналысқан.

"Ер адам өсімдікті ауданның шет жағынан жинап, оны тұрғылықты мекенжайында сақтаған. Оның айтуынша, есірткіні жеке өзі пайдалану үшін жинаған. Сонымен қатар, күдікті оны ерекше тәсілмен қолданған: термиялық өңдеуден кейін тағамға қосып отырған. Жеке тұрғын үйге жүргізілген тінту барысында өсімдік тектес кептірілген зат салынған төрт полиэтилен пакет табылды", - деп жазылған хабарламада.

Сараптама қорытындысына сәйкес тәркіленген зат жалпы салмағы 4 келіден асатын кептірілген марихуана болып шықты. Бұл дерек бойынша соталды тергеп-тексеру басталды.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!