- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- ШҚО тұрғыны көршісінің...
ШҚО тұрғыны көршісінің терезесіне оқ жаудырған: күтпеген оқиғаның себебі айтылды
Алтай ауданының полиция бөліміне қала тұрғыны хабарласқан. Оның сөзінше, кешкі уақытта белгісіз біреу пәтерінің терезесіне оқ жаудырған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Астана" телеарнасына сілтеме жасап.
Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында тәртіп сақшылары күдіктінің кім екенін анықтады. Ол жақын маңдағы кіреберісте тұратын 23 жастағы ер адам болып шықты.
Ұсталған адамның үйінен полицейлер 12 калибрлі екі оқ дәріні, "ИЖ-18 ЕМ-М" маркалы мылтығын және 12 калибрлі үш гильзаны, 8 оқ дәрі мен 12 калибрді тәркілеген.
Сол күні кешке ер адам жәбірленуші тұратын қабаттан жоғары қабатта тұратын көршісімен ұрысып қалған. Күдікті аулаға шығып, оның терезелерін көздеген. Алайда ол мылтықты нысанаға бағыттаған кезде оқ жазықсыз көршісінің терезесіне тиген. Кейінірек арада келіспеушілік туындаған көршісінің терезелері ауланың басқа жағына қарайтыны белгілі болған.
Күдіктіге қатысты қылмыстық іс қозғалды. Оған 3 жылдан 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру немесе шектеу түріндегі жаза тағайындалуы мүмкін.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова