ШҚО: өңірдің геологиялық барлау қарқыны артты

Шығыс Қазақстан облысы жер қойнауын зерттеу мен оны пайдалану саласында соңғы жылдары айтарлықтай белсенділік танытып келеді. Өңірдегі геологиялық барлау жұмыстарының кеңеюі, жеке инвестициялардың өсуі және жаңа жобалардың іске қосылуы – облыстың индустриялық дамуына серпін беретін маңызды факторлар. 

Облыс әкімі Нұрымбет Сақтағановтың төрағалығымен өткен әкімдік отырысында саладағы негізгі көрсеткіштер, проблемалық аспектілер мен алдағы басымдықтар егжей-тегжейлі қаралды. 

Кәсіпкерлік және индустрия басқармасының басшысы Исатай Ансат аймақтағы геологиялық зерттеу үрдістеріне тоқталып, өңірдің минералды-шикізат әлеуетінің жоғары екенін атап өтті. Шығыс Қазақстан облысы – Қазақстандағы ресурстарға ең бай өңірлердің бірі. Мұнда сирек және түсті металдардың, қымбат металдардың, көмір мен түрлі бейметалл шикізатының мол қоры орналасқан. Әсіресе, түсті металлургия облыс экономикасының тірегіне айналып отыр. 

Бүгінде өңірде 508 нысан бойынша жер қойнауындағы табиғи байлықтарды игеру жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Оның ішінде 136 келісімшарт – қатты пайдалы қазбаларды барлау және өндіруге, 238 лицензия – барлауға, 8 лицензия – қатты пайдалы қазбаларды өндіруге арналған. Сонымен бірге 37 нысан бойынша кең таралған қазбаларды өндіру, 7 лицензия бойынша жер қойнауын геологиялық зерттеу, 3 лицензия бойынша жерасты кеңістігін зерттеу жұмыстары жүргізілуде. 71 топпен іздеушілерге лицензия және 8 кең таралған қазба түрлерін барлау мен өндіруге рұқсат та белсенді қолданыста. 

Табиғи ресурстарға аса бай ШҚО аумағында бүгінде 250-ден астам кен орны бар. Соның 80-і – кендер, ал 180-нен астамы – кең таралған пайдалы қазбалар. 

2024 жылы өндірілген полиметалл рудаларының көлемі 3,9 млн тоннаны құрады. Оның ішінде 28 мың тонна қорғасын, 128 мың тонна мырыш, 51 мың тонна мыс алынды. Сонымен қатар, өңірде 8,9 тоннадан астам алтын өндірілген. Бұл көрсеткіштер облыстың тау-кен өнеркәсібінің әлеуетін тағы бір рет айқындайды. 

Тау-кен саласы облыстың жалпы өнеркәсіп құрылымында 6,2% үлеске ие. Оның жылдық өндіріс көлемі 166,9 млрд теңгені құрайды. Бүгінде салаға 66,5 млрд теңге инвестиция тартылып, бұл өткен жылмен салыстырғанда 8,7% өсім көрсетіп отыр. Инвестицияның жалпы көлеміндегі үлесі – 11%. Салада 229 шағын және орта бизнес субъектісі жұмыс істейді, олардың қатарында заңды тұлғалар да, жеке кәсіпкерлер де бар. 

Ұлттық цифрлық инвестициялық платформаға жалпы құны 552,9 млрд теңге болатын 6 ірі жоба енгізілген. Жобалар іске асқан жағдайда өңірде 1,6 мыңнан аса жаңа жұмыс орны ашылмақ. 

2012–2024 жылдар аралығында облыс балансына 10 жаңа кен орны енгізілді. Бұдан бөлек, алтын, полиметалл және кең таралған қазба түрлерін бойынша ондаған қоры мол учаскелер қосымша зерттеуді қажет етеді. Соңғы 10 жылда геологиялық барлауға 18 млрд теңге бағытталып, қаражат алтын, мыс, мырыш, қорғасын және сирек металдардың ресурстарын бағалауға жұмсалған. 

2024–2027 жылдарға арналған Геология саласын дамыту тұжырымдамасы аясында өңірде 9 нысанда жұмыстар жүріп жатыр. Оның жетеуі – қатты пайдалы қазбалар, екеуі – гидрогеология бағыты. 

Өткен жылы жер қойнауын пайдаланушылар облыстық бюджетке 120 млрд 202 млн 957 мың теңге, ал өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына 528 млн 23 мың теңге кіріс әкелді. 

Исатай Ансат заңсыз өндіру фактілерінің көбейгенін атап өтті. ҰҚҚ облыстық Департаменті, Табиғат қорғау прокуратурасы, Экология департаменті және ішкі істер органымен бірлескен рейдтер нәтижесінде биыл 9 қылмыстық іс қозғалды. Сонымен қатар, лицензиясы бар, өз беттерімен алтын іздейтін топтардың алтын тапсыру мәселесі де күн тәртібінен түспей тұр. Қабылдау бекеттері 5 келіден жоғары көлемді ғана қабылдайды. Осы мәселеге байланысты әкімдік Ұлттық банк және "Ертіс" ӘКК базасында арнайы алтын қабылдау пунктін ашуды қарастырып жатыр. 

Жиынды қорытындылай отырып, аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов тиісті ведомстволарға геологиялық барлауды жалғастыру, жеке инвестиция тартуды күшейту және бағалы металдар өндірісі бойынша кешенді жоспар әзірлеуді тапсырды. 

Шығыс Қазақстанның минералды-шикізат қоры – ұлттық экономиканың стратегиялық капиталы. Геологиялық зерттеу жұмыстарының кеңеюі, инвестициялардың артуы және бақылаудың күшеюі өңірдің индустриялық дамуына жаңа мүмкіндік ашып, оны елдегі жетекші өндірістік орталықтардың біріне айналдыра түспек. 

ШҚО әкімдігі ұсынған материал