ШҚО-ның екі тұрғыны билікті басып алу және сепаратистік әрекеттерді насихаттағаны үшін 5 жылға сотталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Өскемен қалалық №2 сотының шешімімен Шығыс Қазақстан облысының екі тұрғыны ұлттық және әлеуметтік араздықты қоздыратын жазбалары мен үгіт-насихаты үшін сотталды.
"Тергеу барысында олар биыл ақпанда интернет ресурстарды (чат-рулетка) пайдаланып, Шығыс Қазақстан облысын Қазақстан Республикасынан бөлу мақсатында референдум өткізу қажет екені туралы идеяларын айтқаны белгілі болды. Референдумда оң нәтижеге қол жеткізілмеген жағдайда облысты күштеп басып алуды насихаттаған", - деп жазылған хабарламада.
Айыпталушылар өз кінәларын толық мойындап, өкінішін жеткізді.
Мемлекеттік айыптаушы сотта олардың әрқайсын 5 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.
Заңды күшіне енген сот үкімімен олар 5 жылға бас бостандығынан айырылды.
Мемлекеттің қауіпсіздігі мен тұтастығын қамтамасыз ету мәселелерін құқық қорғау және арнайы органдар ерекше бақылауда ұстайды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!