Өскеменде спортшы Эльер Юнусметовтің өліміне қатысты іс қайта қаралды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Шығыс Қазақстан облысы сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Биыл тамызда сот 34 жастағы спортшының өліміне қатысты үкім шығарды. Сол кезде осы іс бойынша басты айыпталушы 13 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол атыс қаруын заңсыз сақтағаны, оны алып жүргені және тасымалдағаны үшін (ҚК-нің 287-бабы, 3-бөлігі) және қасақана кісі өлтіргені үшін (ҚК-нің 99-бабы, 1-бөлігі) кінәлі деп танылды. Осы іс бойынша тағы бір адам қылмысты хабарламағаны үшін кінәлі деп танылды (ҚК 434-бабы). Оған үш жылға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.
2024 жылғы 13 қаңтарда Өскемен қаласында белгілі спортшы Э.Юнусметов өлтірілген болатын.
"Э.Юнусметовті бұрыннан танитын Т-да оны өлтіруге деген қылмыстық ой туындап, тегіс ұңғылы, моделі "ТОЗ-63" атыс қаруын өзімен алып, танысы Г-ға автокөлігімен қаланың орталығына жеткізуін сұраған. Г. оның қылмыстық пиғылын білмей, оны өз автокөлігімен қаланың ортасына жеткізген. Жол жөнекей Т. телефон арқылы Э.Юнусметовке хабарласып, Пушкин атындағы кітапхананың маңында кездесуге келіскен. Сол маңайдағы көппәтерлі үйлердің ауласына автокөлікпен келіп тоқтап, Э.Юнусметовке күтіп отырғанын хабарлаған. Өз кезегінде Э.Юнусметов сол жерге жаяу жақындаған кезінде, Т. автокөліктен шығып, Э.Юнусметовке қолындағы қысқартылған мылтығымен екі рет атқан. Нәтижесінде, алған дене жарақаттарының салдарынан Э.Юнусметов сол жерде қаза тапқан. Ал автокөліктің ішінде отырған Г. атыс қаруының дауысын естіп, болған қылмысты көргеннен кейін жасалған қылмыс туралы хабарлауға жеткілікті уақыты әрі мүмкіндігі бола тұра, оны жасамай, керісінше, Т. автокөлікке қайтадан келіп отырғаннан кейін сол жерден ізін суытқан", - деп жазылған сот мәліметінде.
Үкім шығарылғаннан кейін 13 жылға сотталған адам сот шешіміне шағымданып, жазаны қысқартуды сұраған.
"Сот үкімі апелляциялық тәртіпте сотталғандардың қорғаушысының және сотталған Т-ның жазаның мерзімін азайту туралы апелляциялық шағымдары бойынша, сондай-ақ жәбірленуші тараптың жазаны қатаңдату туралы уәждері жазылған апелляциялық шағымдары бойынша қаралды. Апелляциялық сатыдағы сот Т-ның жасаған қылмысының сипатын және оның жеке басын, нақты айтқанда, бұрын ауыр қылмыс жасағаны үшін сотты болғанын, жазаны ауырлататын мән-жай бар екенін ескере отырып, ҚК-нің 58, 60-баптарын қолданып, түпкілікті бас бостандығынан айыру жазасын 16 жылға белгіледі, ал Г-ға 3 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады", - деп жазылған мәліметте.
Сотталған Т-дан қайтыс болған азаматтың зайыбының пайдасына 1 958 440 теңге материалдық шығын және 8 000 000 моральдық зиян, ал анасының пайдасына 8 000 000 теңге моральдық зиян өндірілді.
Сот үкімі заңды күшіне енді.
Айта кетейік, полицейлер Эльер Юнусметовтің денесін көпқабатты үйлердің бірінің кіреберісінен тапты. Кісі өлімі болған кез видеоға түсіп қалып, желіде тарап кетті.
Анықтама: Спортшы Эльер Юнусметов - 1990 жылы Қатонқарағай ауданы Үлкен Нарын ауылында дүниеге келген. Жекпе-жектен (ММА) халықаралық дәрежедегі спорт шебері, кикбоксингтен, кудодан спорт шебері. Ол - Әлем кубогының иегері және жекпе-жектен Еуразия чемпионы. Эльер спорттағы алғашқы қадамын 5 жасында бастаған, оның алғашқы жаттықтырушысы әкесі болды.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!