ШҚО-дағы құрылысы бітпей жатқан жол қытайлық банктен қарызға алынған ақшаға жөнделіп жатыр

Облыстық Қоғамдық кеңес жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы комитетінің кезекті отырысында жол құрылысындағы кедергілер сөз етілді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Аталған комитет төрағасы Ануарбек Мұхтархановтың айтуынша, бірнеше жыл бұрын басталған "Қалбатау-Майқапшағай" тасжолының құрылысы тым баяу, өгізаяңға салынып жатыр. Енді байқалған бармақ бастылықтың бәріне заң аясында қатаң шаралар қолдану жоспарланған. Комитет мұндай құзыреттілікке ие. Тақырып аясында ең бірінші сұрақты "ҚазАвтоЖол" АҚ ШҚО филиалының басшылығына бағыттады. Ол тарап "Қалбатау-Майқапшағай" бағытындағы жолдың жалпы ұзындығы 415 шақырым екенін айтты.

"Оның ішінде, Шығыс Қазақстан облысы бойынша 231 шақырым, Абай облысы бойынша 184 шақырым. Біздің өңірге қарасты 231 шақырымның 149 шақырымы асфальтталып біткен. Биыл әзірге 17 шақырымға асфальт төсеп үлгердік. Енді 64 шақырымға жуық айналма учаске мен бұрыннан кетеуі кеткен 20 шақырым жол қалды. Қазіргі уақытта бұған 113 бірлік техника жұмылдырылған", – деді «ҚазАвтоЖол» АҚ ШҚО филиалы директорының орынбасары Дамир Сапарғалиев.

Сонымен қатар ол бұл учаскенің қытайлық Эксим банктен қарызға ақша алу аясында жөнделіп жатқанын алға тартты. Мердігермен келісімшарт 2016 жылы жасалған. Ерекшелігі сол, жобаға қол қойған кезде жұмыс толыққанды орындалатыны басшылыққа алынды. Яғни, мердігер өзі жобалап, жан-жақты жұмыстарды атқарады. Жобалау үшін 18 ай уақыт кетіпті.

"2020 жылы пандемия өршіп, құрылыс қарқынына айтарлықтай әсер етті. Ол кезде жолдың жартысына жуық бөлігін қытайлық компания жөндеп жатқан болатын. Одан бөлек, 2022 жылы жанар-жағармай, битум және басқа да материалдардың бағасы күрт қымбаттады. Соған байланысты мердігер ұйым былтыр жол жөндеуді өз күшімен жалғастырды. Биыл аталған жобаға түзету енгізуді қолға алдық. Біртіндеп мемлекеттік сараптамадан шығарыла бастады. Әу баста жұмыс 2022 жылдың желтоқсанында аяқталады деп жоспарладық. Кейінірек бір жылға ұзартылды", – деді Дамир Сейтқазыұлы.


Асыл Бигелді

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!