Шығыс Қазақстанда мамыр айының ортасынан сел қаупі жоғары кезең басталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі облыстық ТЖД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Өңірдегі Алтай, Катонқарағай, Зайсан аудандарында және Риддер қаласында орналасқан 13 учаскеде сел қаупі бар.
"Аталған аудандардағы таулардың басында 11 елді мекенге қауіп төндіретін 144 мұздықты көл қалыптасады. Мамандар қауіпсіздік мақсатында көлдер мұздан әлі ашылмаған сәттен бастап сел қаупі бар жағдайды бақылау үшін аэровизуалды тексеру жүргізуде", - делінген хабарламада.
Бұдан бөлек, облыста сырғыма қаупі бар 9 учаске бар. Олар негізінен автожолдардағы, өзен бассейндеріндегі таулардың жағалық беткейлері мен құлдиларында орналасқан.
"Сел және сырғыма қаупі бар кезеңнің қауіпсіз өтуіне әзірлік мақсатында Төтенше жағдайлар департаменті "Қазселденқорғау" ММ Шығыс Қазақстан аумақтық филиалымен бірлесіп іс-шаралар жоспарын дайындады. Өзен арналары және сел, сырғыма қауіпті учаскелері бойынша жоспарлы жерүсті және аэровизуалды зерттеу кестесі әзірленді. Мұздықты көлдерде батиметриялық жұмыстар жоспарланған. Сел қаупі бар учаскелерде 20 ескерту және тыйым салу белгісі және сырғыма қаупі жоғары учаскелерде 18 қалқан орнатылған. Сел, сырғыма жағдайына мониторинг жүргізу үшін 9 маусымдық және 1 жыл бойғы гидропост жұмыс істейді", - делінген хабарламада.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!