ШҚО-да террористер туралы жалған хабарлама берген оқушылардың ата-аналары жауапқа тартылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
15 қыркүйекте "102" жедел арнасына дабыл қоңырауы түскен. Қоңырау шалған бала мекенжайын айтып, жанында террористердің бар екендігі туралы хабарлаған. Оқиға орнына жеткен жедел қызмет тобының қызметкерлері барлығын тексеріп, хабарламаның жалған екені белгілі болған.
Тәртіп сақшылары қоңырау шалған 8 жасар бастауыш сынып оқушысы екенін анықтаған. Оның айтуынша, көршінің баласы оған келіп, полицияға қоңырау шалуды өтінген. Сонымен қатар көршінің баласы тамыз айында басқа балаларға да осындай өтінішпен жүгінгені туралы айтып берген. Екінші кәмелетке толмаған баланың да жеке басы анықталды. Ол 14 жастағы жасөспірім болып шықты. Екі баланың ата-аналары бала тәрбиесі бойынша міндеттерін орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері кәмелетке толмағандардың терроризм актісі туралы жалған хабарлаудың басқа фактілеріне қатыстылығын тексеріп жатыр. Полиция департаменті бұл әрекеттер үшін 5000 АЕК-ке дейінгі айыппұлдан бастап 5 жылға дейін бас бостандығынан айыруға дейінгі жаза қарастырылғанын еске салады. Бұл қылмыс үшін 14 жасқа толған адамдар қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Егер кәмелетке толмағанның жасы 14 жастан аспаса, онда бұл жағдайда оның ата-анасы балаларды тәрбиелеу бойынша шаралар қолданбағаны үшін жауапкершілікке тартылады.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз